Zhetysu Travel халықаралық туристік форумы Жетісудың мүмкіндігін көрсетті

Dalanews 20 қаз. 2018 04:42 1041

Елбасы Жолдауындағы міндеттерді және цифрландыру бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында Талдықорғанда Zhetysu Travel халықаралық туристік форумы басталды. Көрме кешенінде ұйымдастырылған шараға туризм саласындағы отандық және халықаралық Қытай, Испания сияқты елдерден келген сарапшылар және өңірлердегі туризм басқармаларының өкілдері қатысты.

Облыс әкімінің бірінші орынбасары Ләззат Тұрлашев форумның Талдықорған қаласында алғаш рет ұйымдастырылып отырғанын атап өтіп, облыстың туристік тартымдылығы, тамаша табиғаты жайына қысқаша тоқталып өтті.

– Бүгінгі шара еліміздің, соның ішінде облысымыздың туристік әлеуетін арттыруға, инфрақұрылымын дамытуға өзінің зор ықпалын тигізеді деп ойлаймын. Мемлекет басшысы жақында жарияланған Жолдауында сырттан келетін және ішкі туризмді дамытуға ерекше көңіл бөлуді және салалық мемлекеттік бағдарлама қабылдауды тапсырған болатын. Осы ретте мемлекеттік бағдарлама жобасына Алакөл көлінің жағалауы, Іле Алатауының тау кластері, Шарын шатқалы сияқты облыстың ірі туристік рекреациялық аумақтарын дамыту бағытындағы ұсыныстар енгізіліп, жоспарлары әзірленіп жатыр, – деп атап өтті. Сөзін қорытындылай келе, осы форум қызықты кездесу, мазмұнды пікір алмасу түрінде өрбіп, перспективалы идеялар мен бастамалардың туындауына ықпал ететін айтулы шара болатындығына сенім білдірді.

Мұнан соң Қытай Халық Республикасы Мәдениет және туризм министрлігінің Орта Азиядағы өкілі Ван Шулинь аталмыш шараға шақырған ұйымдастырушыларға ризашылығын білдіріп, Қазақстан-Қытай арасындағы мәдени-туристік байланыстарды нығайту жайына тоқталды.

Өз кезегінде Қазақстан Туристік қауымдастығының атқарушы директоры, Қазақстандық қонақүйлер мен мейрамханалар қауымдастығының президенті Рашида Шайкенова отандық туризмнің алдында тұрған бірнеше мәселені атап берді. «Халықаралық туризм нарығында бәсекеге қабілетті болу үшін біз ең алдымен, бұл салада бай тарихымызды, яғни Ұлы түрік өркениетін, мәдениетіміз бен салтымызды паш ете білуіміз керек», – деді Р.Шайкенова. Сонымен қатар білікті кадрлар даярлау, туристік нысандарды цифрландыруға жете мән беруді де алдыңғы қатардағы мәселелерге жатқызды. Оның айтуынша, бүгінгі күні отандық туристік нысандардың тек 17% ғана өз қызметтерін жарнамалау мен сату каналы ретінде интернет пен әлеуметтік желіні пайдаланып отыр. Яғни цифрландыруға кірісу туризмді дамытудың негізгі бағыттарының бірі болуы тиіс.

Форумның пленарлық отырысынан кейін шара панелдік сессиялармен жалғасуда. Онда туристік ұйымдар мен сала мамандары «Туристік өнімдерді ілгерілету құралдары», «Туристік өнімді цифрландыру: коммуникациялар» тақырыптарын талқылап жатыр.

Сондай-ақ форум аясында ертең, 20 қазанда Талдықорғандағы «Жастар» спорт сарайында Қазақстан халықтары ұлттық асханаларының «Той қазан» VI фестивалі ұйымдастырылады. Оған қоса Zhetysu Travel орталығының ашылу салтанаты өтеді.

Жалпы, Алматы облысына келетін туристер легі жыл сайын 20-30% өсуде. Биылғы жылы Жетісу өңіріне табан тірейтін туристер саны 2 миллионға жетеді деп күтіліп отыр. Бұл – өткен жылмен салыстырғанда 31,3% өсім болады деген сөз. 2018 жылдың қорытындысы бойынша көрсетілген туристік қызмет 10,0 млрд теңге шамасында болмақ. Соңғы үш жылда туристік инфрақұрылымды дамытуға 15,7 млрд теңге мемлекеттік инвестиция бағытталған. Сонымен қатар жалпы құны 15,6 млрд теңге жеке инвестицияға салынған 102 туристерді орналастыру нысаны пайдалануға берілген.

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар