"Зерделі" ықшамауданындағы қисайған үйге қатысты қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы аталған үйдің тұрғындарымен кездесу барысында, аудандық прокуратура өкілдері мәлімдеді. Сондай-ақ, зерттеу нәтижелері де айтылды. Қазақ құрылыс және сәулет ғылыми-зерттеу және жобалау институтының мамандары 9 қабатты тұрғын үйді қайта қалпына келтіруге болады деп отыр, деп хабарлайды Almaty.tv.
Сапасыз салынған құрылыс. "Зерделідегі" қисайған үйге бір айдан астам зерттеу жүргізген мамандар осындай шешім шығарған. Бірақ, тексерушілердің сөзінше тұрғын үй апатты жағдайда емес. Тексеру нәтижелерінен кейін осы оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалған. Мұны тұрғындармен кездесуде аудандық прокуратураның өкілі мәлімдеді.
"2019 жылдың 24 желтоқсан күні аталған іске қатысты Қылмыстық кодестің 278-бабы, яғни"Сапасыз салынған құрылыс" бойынша қылмыстық іс қозғалды. Іс полиция департаментіне жолданды. Бүгінде тергеу жұмыстары жүріп жатыр. Кінәлілер 6 жылға дейін бас бостандығынан айырылатын болады", – деді Алатау ауданы прокурорының орынбасары Ержан БОЛАТХАНОВ
Сондай-ақ, жиында зерттеу нәтижелері де айтылды. Аталған үйге зерттеу жүргізген Қазақ құрылыс және сәулет ғылыми-зерттеу және жобалау институтының мамандары үйді қалпына келтіруге болады деп отыр. Ол үшін үйдің жан-жағына қадалар орнату арқылы үйді тіктеп нығайту бойынша жұмыстар жүргізілетін болады.
"Біз бұл қортындыны екі кітапқа бөлдік. Яғни, үйдің төменгі бөлігі және жоғарғы бөлігі. Үйдің жер астындағы бөлігімен жұмыс істейтіндер жоғарғы жағына тиіспейді. Олар қарама-қарсы жағынан топырақты алу арқылы үйдің қисаюын жою бойынша жұмыстар жүргізетін болады", – деді Жайлы қалалық орта басқармасының басшысы Қуандық АЙТМАҒАНБЕТОВ.
"Зерделі" ықшамауданындағы қисайған үйдің иелері өз баспаналарына орала ма, ол жағы нақты шешілген жоқ. Ол шешім мына үйдің жан-жағына соғылатын бөренелер мен үй қайта түзетілгеннен кейінгі тексерістен соң ғана шығарылады.
Жұмыстар мамандардың айтуынша, шамамен үш айға дейін созылуы мүмкін. Ал, ол уақытқа дейін барлық тұрғындар қала әкімшілігі есебінен жалға берілетін тұрғын үйде тұра береді. Одан өзге, алдағы уақытта Қазақ құрылыс және сәулет ғылыми-зерттеу және жобалау институты "Зерделі" ықшамауданындағы барлық 32 үй бойынша зерттеу жасалатын болады.