Зейнетақы жинақтарын жас ерекшелігіне қарай инвестициялау ұсынылды

Зейнетақы жинақтарын жас ерекшелігіне қарай инвестициялау ұсынылды
жи: dalanews

Қазақстанда зейнетақы жинақтарын басқару кезінде салымшылардың жасын ескеру мәселесі қарастырылып жатыр. Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов бұл бастаманың мәнін түсіндірді, деп хабарлайды dalanews.kz.

Оның айтуынша, жас азаматтар зейнетке шығуға дейін ұзақ уақыт болғандықтан, тәуекелі жоғары инвестициялық стратегияны таңдауға мүмкіндік алады.

22 жастағы, оқуын енді аяқтап, еңбек жолын бастаған адамның зейнетке шығуына дейін шамамен 40-50 жыл бар. Сондықтан ол анағұрлым белсенді әрі тәуекелі жоғары инвестициялық құралдарды пайдалана алады, – деді Сүлейменов.

Ал зейнет жасына жақындаған азаматтар үшін керісінше, сақтыққа негізделген стратегия қажет. Ұлттық банк басшысы 60 жастағы адамның жинақтарын жоғары тәуекелді портфельге салып, зейнетке шығар алдында қаржысынан айырылып қалу қаупіне жол бермеу маңызды екенін атап өтті.

Осыған байланысты жас ерекшелігіне қарай әртараптандыру қағидаты ұсынылып отыр. Оның негізгі мақсаты – зейнетке дейінгі уақыт аралығына қарай тәуекел деңгейін белгілеу. Яғни, адамның зейнетке шығуына қаншалықты көп уақыт қалса, инвестициялық тәуекел де соншалықты жоғары болуы мүмкін.

Сонымен қатар, бұл бастаманың нақты тетігі әзірге бекітілмеген. Қазір реформаға қатысты тәсілдер ғана талқыланып жатыр. Тиісті құжаттардың жобалары бағдарлама мақұлданғаннан кейін, негізінен 2027 жылы әзірленеді.