Ақтөбе облысындағы Қандыағаш қаласында өткен тойдан кейін жаппай улану дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, оқиғаға байланысты Қылмыстық кодекстің 304-бабы («Санитариялық қағидаларды немесе гигиеналық нормативтерді бұзу») бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Тергеу барысында болған жағдайдың барлық мән-жайы анықталады.
«Диапазон» басылымының жазуынша, 19 маусымда «Тумар» мейрамханасында өткен тойға қатысқан қонақтардың 102-сі, оның ішінде 14 бала ішек инфекциясының белгілерімен ауруханаға түскен. Науқастардың дене қызуы көтеріліп, құсу мен іш өту белгілеріне шағымданған.
Бұған дейін денсаулық сақтау басқармасы 34 адамнан сальмонеллезге күдік анықталғанын хабарлаған еді. Қажетті бактериологиялық зерттеулер үшін сынамалар алынып, санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментіне шұғыл хабарламалар жолданған.
Науқастардың жағдайы орташа ауыр деп бағаланып отыр. Мұғалжар ауданына қосымша медициналық бригадалар жіберіліп, жедел штаб құрылған, төсек-орын мен дәрі-дәрмек қоры дайындалған.
Сонымен қатар, санитариялық дәрігерлер эпидемиологиялық тексеру жүргізіп жатыр. Тағам өнімдерінен алынған сынамалар зертханаға жіберілген. Ал «Тумар» мейрамханасының қызметі уақытша тоқтатылды.