Әлеуметтік желілерде Өскеменде болған жол апатының бейнежазбасы тарады. Кадрларда жеңіл көліктің жол жиегімен келе жатқан жас велосипедшілер тобына соғылған сәті анық көрінеді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Алдын ала мәлімет бойынша, оқиға 27 мамыр күні таңертең Ертіс өзені арқылы өтетін орталық көпірде болған. “Toyota Avensis” көлігінің жүргізушісі маневр жасау кезінде қауіпсіздік талаптарын сақтамай, жол жиегімен қозғалып келе жатқан велосипедшілерді қағып кеткен.
Соққы салдарынан балалар жан-жаққа шашырап құлаған. Бейнежазбада бір жасөспірімнің апаттан соң велосипедін жылдамдатып, көліктің алдына түсіп кеткені байқалады.
Жол-көлік оқиғасы салдарынан 6 кәмелетке толмаған жасөспірім түрлі дене жарақаттарымен медициналық мекемеге жеткізілді.
Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу басталып, қажетті сараптамалар тағайындалған. Оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр.