Жамбыл облысында есірткі тасымалдамақ болған жүргізуші ұсталды

Жамбыл облысында есірткі тасымалдамақ болған жүргізуші ұсталды
Фото: видеодан скрин

Жамбыл облысындағы Қордай – Алматы автожолында жүргізілген жедел іс-шара барысында полицейлер ірі көлемдегі есірткінің заңсыз тасымалына тосқауыл қойды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Полиция қызметкерлері күдік тудырған автокөлікті тоқтатып, қызметтік ит Сэмнің көмегімен тексеру жүргізген. Тексеру кезінде көліктің капотының астынан полиэтилен пакетке салынған шамамен 8,5 келі гашиш табылған.

Алдын ала мәлімет бойынша, 55 жастағы жүргізуші есірткіні Алматы қаласына жеткізбек болған. Тәркіленген есірткінің қара нарықтағы құны шамамен 10 миллион теңгеге бағаланып отыр.

Полицияның мәліметінше, жедел әрекеттің нәтижесінде аса ірі көлемдегі есірткі заңсыз айналымға түспей, дер кезінде тәркіленген.

"Полицейлердің жедел әрекетінің нәтижесінде он мыңдаған адамның өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін аса ірі көлемдегі есірткі заңсыз айналымға жіберілмей, дер кезінде тоқтатылды. Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды", - деп хабарлады полиция.

Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған жедел-тергеу шаралары жалғасуда.