Ирина Смирнова: «Декреттік демалыс» кезекті еңбек демалысы емес»

Dalanews 25 нау. 2022 14:38 1017

Қазақстан гендерлік саясатқа баса мән беріп, осы бағытта арнайы бағдарлама қабылдап, оны жүзеге асырып отырған Орталық Азиядағы бірден-бір ел десек қателеспейміз. Жалпы, әйел-анаға, қыз-келіншектерге деген құрмет қазақ қоғамында әуел бастан қалыптасқаны белгілі. Сол себепті әйел адамды сыйлап, құрметтеу дәстүрі қазақ қоғамына жақын дүние. Осы ретте гендерлік саясаттың мемлекеттік деңгейде салтанат құрып, кеңеюіне белсене үлес қосып жүрген ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ирина Смирновамен Dalanews.kz ақпараттық агенттігінің журналистеріне әйел-ананы қорғау мәселесі жайында ой бөлісіп, сұхбат берген еді. Енді соған назар аударсаңыздар.

 

– Ирина Владимировна, Қазақстан билігінің гендерлік саясатты ту етіп көтергеніне ондаған жыл болғанын білеміз, «Қазақстан Республикасында 2006-2016 жылдарға арналған Гендерлік теңдік стратегиясы» дайындалып, осы құжаттың шеңберінде көптеген іс-шаралар жүзеге асқанын көзіміз көрді. Еліміздегі гендерлік саясатты жүзеге асырудың басы-қасында жүрген адам ретінде айтыңызшы, қазақ қоғамында әйел-азаматтарға деген құрмет қаншалықты артты?

– Кез келген қоғамда, кез келген мемлекетте әйел-анаға деген құрмет бір ғана стратегиялық құжатпен шектелмейтіні анық. Қазақ қоғамында әйелдердің өз орны бар. Өткен тарихқа көз жүгіртетін болсақ, ер-азаматтармен қалыспай қоғамдық-саяси өмірге белсене араласқан біраз әйел-аналардың атын атауға болады. Сол себепті өз басым гендерлік саясат қазақ қоғамы үшін жат дүние деп айта алмаймын.

Қазір заман өзгерді. Қазақ әйелі от басы, ошақ қасынан ұзап шықпайды деген қасаң қағида келмеске кетті. Бүгінде қыз-келіншектер қалаған саласы бойынша мамандық алуына барлық жағдай жасалынған. Осы игілікті пайдаланып, өзін дамытқан әйел-азаматтар еліміздің дамуына өз үлесін қосып жүр.

Дәл қазір Қазақстанда әйел азаматтардың ер-азаматтармен бірдей каръера жасап, мансабын жоғарылатуына барлық жағдай жасалған. Бұл тұрғыдан ешқандай мәселе жоқ.

Бізді толғандырып отырған мәселе басқа. Еліміздегі әйел азаматтардың бәрі мансап қуып, қызметтің соңында жүргені анық. Көптеген әйелдер мамандығы бойынша жұмыс істеп, отбасының ұйытқысы болып, бала тәрбиелеуде. Мемлекет осындай әйел азаматтарға материалдық тұрғыдан қолдау көрсету керек. Қазақ қоғамы үшін әйел-ана ұрпақ тәрбиесіне жауапты тұлға болған. Қазір де осы үрдіс жалғасын табуды. Ештеңе өзгерген жоқ. Сондықтан сәбилі болып, бала күтіміндегі әйелдерге мемлекет бар болғаны бір жыл ғана жәрдемақы төлейді. Алдағы уақытта біздер алтын құрсақ аналарға жәрдемақы төлеуді 3 жылға дейін созуға күш салуымыз керек. Бір жылда ана баласын тастап жұмысқа шығып кете алмайтыны белгілі.

– Сіздің ойыңызша, сәбилі болған аналарға мемлекет 3 жылға дейін жәрдемақы төлеуі керек деп есептейсіз ғой?

– Әрине, төленуі керек. Қазіргі таңда осы мәселені барынша көтеріп, айтып жүрміз. Әйел азаматтардың сәбилі болып, 3 жылға декреттік «демалысқа» шыққанын демалыспен шатастырмауымыз керек. Өйткені үш жыл бойы баланың күтімімен айналысу оңай шаруа емес.

Бүгінде көптеген әйел-аналар балалары бір жасқа толғаннан кейін күтуші жалдап, жұмысқа шығуға тырысады. Күтуші жалдауға жағдайы келмегендер жас баласын енелеріне тастап, жұмысын жалғастырып жүргенін көріп жүрміз.

Кез келген ана бала күтушісін жалдаса, оған ақы төленеді.  Ал олар өздері бала күтімімен айналысса, оны тегін жұмыс ретінде қабылдаймыз.

Бүгінде еліміз адам капиталын дамытуға баса мән беріп отырған ғой. Адам капиталының бастау қайнарында бала күтімі мен тәрбиесі тұратынын естен шығармауымыз керек. Егер әйел-аналардың балаларға дұрыс тәрбие беретін мүмкіндігі болса, олар қоғамға ақыл-ойы дамыған саналы азамат дайындап береді.

– Бүгінде әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық оқиғалары жиі кездесіп жататыны жасырын емес. Осындай қоғамға жат қылықтар қалай пайда болады?

– Рас, қазір әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық әрекеттері кездесіп қалады. Бұл мәселемен мемлекетіміз күресіп жатыр. Меніңше, кез келген осындай оқиғаның астарында әлеуметтік қиыншылық жатады. Айталық, жұмыс істеп, өзі ақша тауып жүрген ана сәбилі болғаннан кейін, бала бағып, күйеуінің қолына қарап қалады. Осыдан кейін кейбір жас аналар өзіне күнделікті қажетті косметикасы мен гигиеналық заттарын алу үшін күйеуінен ақша сұрауға мәжбүр болады. Бұған отбасының басқа да шығындары қосылғаннан кейін ер-азаматтың тапқан табысы жетпей, жас отбасы қиындыққа тап болатыны анық. Осыдан кейін тұрмыстық деңгейдегі ұрыс-керістер пайда болады. Кейде мұның соңы ерінің зайыбына қол көтеріп, зорлық көрсетуімен аяқталып жататыны жанға батады.

Егер жас отбасылардың шаңырағы ортасына түспесін, тұрмыстық деңгейдегі зорлық-зомбылықтардың түбіріне балта шапқымыз келсе, сәбилі болған аналарға балалардың бүлдіршіндері 3 жасқа толғанша жәрдемақы төлеу мәселесін шешіп беруіміз керек. Сол кезде отбасында кездесетін тұрмыстық зорлық-зомбылықтардың айтарлықтай төмендейтініне сенімдімін.

– Сіздіңше, жас сәбиі бар аналарға жәрдемақы төлеп, бала тәрбиесімен алаңсыз айналысуына жағдай жасап, тұрмыстағы зорлық-зомбылықтарды тыюға бола ма?

– Мұндай әрекет тұрмыстық зорлық-зомбылықты түбегейлі жоқ қылады деп кесіп айтуға болмас. Бірақ зорлық-зомбылықтың айтарлықтай төмендеуіне септігін тигізетініне сенімдімін. Бала күтімі үшін берілетін жәрдемақы қалалы жерде отбасы бюджеті үшін анау айтқандай көп ақша емес шығар. Бірақ ауылды жерде тұратын халық үшін мемлекеттің жәрдемақысы отбасы үшін айтарлықтай қолдау болатынын ұмытпауымыз керек.

Жасыратыны жоқ, қазір ауылда мемлекеттің жәрдемақысын алу үшін үсті-үстіне босанып, көпбалалы отбасы атанып, мемлекеттің балаларға беретін жәрдемақысын талғажау етіп отырған отбасылар бар. Бұл ащы да болса шындық. Кез келген әйел адамның жиі бала көтеріп, босануы денсаулығына ауыр тиетінін де ұмытпауымыз керек. Ауылдағы әйел-аналар өздеріне үш жыл бойы декреттік жәрдемақы төленетініне сенімді болса, олар жүктілікті жоспарлап, денсаулығын қарауға мүмкіндік алады. Мемлекет жас босанған аналардың экономикалық тұрғыдан тәуелсіздігін қамтамасыз етуге күш салуы керек деп есептеймін. Кез келген ана мүмкіндігі болса, бос уақытын баласына арнап, оның бойында бұғып жатқан қасиеттерін ашуға тырысады. Қазір қалада көшеге шықсаңыз, баласын түрлі үйірмелерге жетектеп апара жатқан аналарды көресіз. Осыған қарап бала тәрбиесімен айналысу үшін аналардың уақыты мен аздаған болса да қаржылай мүмкіндігі болуы керек деп есептеймін. Мұндай игілікке ауыл мен қаладағы аналар бірдей қол жеткізуі керек.

– Әңгімеңізге рақмет!  

Сұхбаттасқан Нұрлан ЖҰМАХАН

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар