Вице-министр өзін Бишімбаевпен не байланыстыратынын айтты

Сағыныш Сардарова 18 қар. 2024 15:43 0

Цифрлық даму және аэроғарыш өнеркәсібінің бірінші вице-министрі Қаныш Тілеушин алғаш рет Астанадағы әйгілі гастро-орталықтың құрылтайшыларының қатарынан шыққаны туралы пікір білдірді, - деп хабарлайды Dalanews.kz Qaz365.kz-ке сілтеп.

Бір жыл бұрын Гастро-орталықта экс-министр Қуандық Бишімбаев әйелі Салтанат Нүкенованы өлтірген болатын.

"Мен мемлекеттік қызметке бизнестен келдім. Өйткені әртүрлі жобаларға инвестиция салдым. Соның ішінде осы Гастро-орталық та бар. Ал қазір бұл жобада құрылтайшы емеспін. Қуандық Бишімбаев екеуіміз "Болашақ" бағдарламасының түлектеріміз. Үнеміз өз жобаларымыз бойынша ой бөлісеміз, сондықтан кездесіп тұратынбыз. "Болашақ" түлектері жақсы араласып тұрды. Бізді байланыстыратын жалғыз тетік осы болатын. Бүгінгі таңда бұл жобада құрылтайшы емеспін", - дейді Қаныш Тілеушин. 

Ол бұл орталықты Салтанат Нүкенованың өліміне дейін сатуды көздегенін айтып отыр. Тілеушин Цифрлық даму және аэроғарыш өнеркәсібінің бірінші вице-министрі болып, 2023 жылы маусым айында тағайындалған.

2024 жылы 26 маусымда Қуандық Бишімбаев пен Бақытжан Байжановқа қатысты қылмыстық істің апелляциялық сот отырысы болған еді. Алайда олардың апелляциялық өтініші қанағаттандырылмады.

Қуандық Бишімбаев 24 жылға, інісі Бақытжан Байжанов 4 жылға сотталған болатын.  

Әйелін өлтіргені үшін қамауға алынған Қуандық Бишімбаев ең жоғары қауіпсіздік мекемесінде жазасын өтеп жатыр.

Бұған дейін де ҚАЖК өкілдері колонияда экс-министр үшін қолайлы орын әлі бос емес екенін, сондықтан жұмысқа тұрмағанын мәлімдеді.

Ал 12 қарашада апелляциялық алқа Қуандық Бишімбаевты ата-ана құқығынан айыру туралы шағыммен оның бұрынғы әйелінің талап арызын қарады.

Сот мәліметінше, экс-министр балаларының тегін өзгертуіне қарсы болмады, алайда оны ата-ана құқығынан айырмады.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар