Байқауға еліміздің түкпір-түкпірінен үш жүзден астам қызмет көрсетуші қатысты. Қатысуға ниет білдергендер қатарында Қызылорда, Жамбыл, Маңғыстау және Солтүстік Қазақстан облыстарының қызмет көрсетушілері жоғары белсенділік танытты.
Республикалық комиссияның шешімімен Абай облысы Көкпекті ауданының арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы «Үздік сапалы қызмет көрсетуші» атағына ие болды.
Сонымен қатар, осы номинацияда бірінші орынды Мұнайлы ауданы бойынша білім бөлімінің Шоғы Мұналы атындағы №5 жалпы білім беретін мектебі, екінші орынды Шымкент қаласының әділет департаменті, үшінші орынды Костанай облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті Костанай қаласы бойынша мемлекеттік кіріс басқармасы иеленді.
Республикалық комиссияның құрамына Агенттік және Мемлекеттік басқару академиясы, қоғамдық ұйымдар және БАҚ өкілдері, мемлекеттік басқару саласындағы сарапшылар кірді.
Конкурсқа қатысу үшін қатысушылар республикалық комиссияға көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің бейнепрезентацияларын ұсынды, сондай-ақ мемлекеттік қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін арттыру, оларды көрсетудегі бюрократиялық кедергілерді жою бойынша «Адамдар ең алдымен» тақырыбындағы жобаларын қорғады
«Үздік сапалы қызмет көрсетуші» конкурсы Агенттікпен биыл екінші жыл қатарынан өткізіліп отыр. Конкурстың негізгі мақсаты – қызмет көрсетушілердің мәртебесін арттыру, оларды ынталандыру және жұмыстағы клиентке бағдарланудың негіздерін нығайту.
Конкурс сондай-ақ клиентке бағдарланған және ашық мемлекеттік аппарат қағидаттарын қалыптастыруға, көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыруға үлес қосқан үздік қызмет көрсетушіні анықтауға және көтермелеуге бағытталған.
Конкурс жеңімпаздары «23 маусым – Мемлекеттік қызметшілер күніне» орайластырылған салтанатты іс-шарада марапатталады.