Үйдің ауласында кілем жуғандар айыппұл төлейді: полиция түсініктемесі

Көркем Алдабергенова 13 мау. 2025 16:00

Мамыр айының соңынан бастап желіде көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларында кілем жуғаны үшін қазақстандықтарға 400 мың теңгеге дейін айыппұл салынады деген ақпарат белсенді тарала бастады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Бұл жаңалықтың мән-жайын Қостанай облыстық полиция департаментінің учаскелік полиция қызметі бөлімінің бастығы Ернұр Алтаев түсіндірді. Оның сөзінше, мұндай жоғары айыппұл сомасы шындыққа жанаспайтыны белгілі болды. Алайда мұндай әрекет үшін әкімшілік жаза бар екені расталды.

Полицияның хабарлауынша, ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 505-бабына сәйкес, кілемдер мен басқа да заттарды үй ауласында жуу елді мекендерді абаттандыру және санитарлық күтіп-ұстау ережелерін бұзумен теңестіріледі.

"Мұндай әрекеттер әкімшілік жауапкершілікке әкелуі мүмкін. Бірақ айыппұл көлемі құқықбұзушының мәртебесіне байланысты. Алғаш рет ескерту беріледі. Егер құқықбұзушылық қайталанса – айыппұл салынады", - деді Қостанай қаласы Полиция басқармасының учаскелік полиция қызметі бөлімінің бастығы Ернұр Алтаев "Наш Костанай" басылымына берген сұхбатында.

Айыппұл көлемі:

Жеке тұлғалар үшін – 20 АЕК-ке дейін (2025 жылы бұл 78 640 теңге);

Шағын бизнес субъектілері мен ҮЕҰ үшін – 30 АЕК-ке дейін (117 960 теңге);

Орта бизнес үшін – 40 АЕК-ке дейін (157 280 теңге);

Ірі бизнес үшін – 100 АЕК-ке дейін (393 200 теңге).

Бұзушылықтар жоспарлы тексеріс барысында да, азаматтардың шағымдары негізінде де тіркеледі.
Негізгі себептер мыналар: лас суды төгу, химиялық жуғыш заттарды қолдану, көгалдарды зақымдау, жағымсыз иіс шығару және антисанитариялық жағдай туғызу.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар