Ұлытау – Жаңа Қазақстанды құрудағы бірліктің символына айналды

Dalanews 16 мау. 2022 15:55 874

Бүгін Ұлытау облысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Ұлытауда Ұлттық құрылтайдың алғашқы отырысы өтіп, оған еліміздің барлық өңірінен елге танымал азаматтар қатысты, – деп хабарлайды Dalanews.kz.

Алқалы отырыста Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайдың мәні мен мазмұнына тоқталды.

– Ұлттық Құрылтайдың жұмысын ұйымдастыру мәселесіне тоқталсам. Оның құрамында 117 адам бар. Құрылтайға барлық облыстың, сан түрлі саланың, әр буынның өкілдері қатысып отыр. Біз көпті көрген ел ағаларының ақыл-кеңесіне жүгінеміз. Белсенді азаматтық ұстанымы бар орта буынның тәжірибесін ескереміз. Жаңаша ойлайтын жастардың тың идеяларын қолдаймыз, – деді Президент. Бұдан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ тарихында құрылтай өткізудің маңызы жайында да әңгімеледі.

– Ұлттық құрылтайдың Ұлытауда басталғаны дұрыс болды. Киелі өлкеміз Жаңа Қазақстанды құру жолындағы бірліктің символына айналды. Осы орайда, мен тағы бір маңызды бастама көтергім келеді. Бұл жерде барлық рулардың таңбасы тасқа жазылған. Сол арқылы бабаларымыз ұлт бірлігін көрсеткен. Қаныш Сәтбаев «Еліміздің ту тіккен жері – Таңбалы тас» деген. Өкінішке қарай, қастерлі жазулар кейін әбден бүлінді. Ел азаматтары Ұлытауға ескерткіш қойып, тастағы таңбаларды жаңғыртты. Бірақ, бұл жеткіліксіз деп ойлаймын.


Мұнда қазақтың бірлігін әйгілейтін сәулетті нысан тұруы керек. Мен Әулиетаудың етегінде Мемлекеттік рәміздер алаңын ашуды тапсырамын. Қасиетті өңірде көк байрағымыз асқақтап тұруға тиіс. Сол арқылы ұрпақтар сабақтастығы жалғасып жатқанын көрсетеміз. Тамыры терең мемлекеттігіміздің жаңа дәуірі басталғанын білдіреміз, – деді.

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар