Қазіргі таңда Түркістанда мәдениет пен өнерге айрықша көңіл бөлініп келеді. Руханиятты дамытуға арналған тың жобалар іске асуда. Республикалық, халықаралық деңгейдегі симпозиумдар, өнер фестивалдары өтіп келеді. Соның бірі Республика күніне орай ұйымдастырылған халықаралық «Voice of Turan-2024» қазақ әндерін орындаушылар байқауы. Кеше облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов фестиваль қонақтарымен кездесіп, Индонезияның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Мохамад Фаджрул Рахманды арнайы қабылдады. Екі ел арасындағы туристік байланыстарды нығайтуға уағдаласты, деп хабарлайды Dalanews.kz Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Тұран дауысын тамашалауға келген Индонезияның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Мохамад Фаджрул Рахман өз кезегінде жаңарған Түркістан қаласы туралы әсерін жеткізді. Индонезия елі жайлы жан-жақты мағлұмат берді. Аталған мемлекеттен қатысып жатқан индонезиялық әнші Тарраринге сәттілік тіледі. Екі ел арасындағы байланыстың нышаны ретінде естелікке сый-сияпат табысталды.
Түркістанның терең тарихына және жаңа келбетіне қызығушылық танытып келетін туристер саны күн санап артып отыр. Оларға лайықты қызмет сапасын арттыру, тарихи орындармен қатар, жаңадан бой көтерген мәдени нысандарды рухани бағыттағы шараларға деген қолжетімділіктерін арттыру мақсатында өңірде жүйелі жұмыстар қолға алынған.
Айта кетейік, қазақ әндерін әлемдік деңгейде насихаттауды мақсат еткен байқаудың жыл сайын ауқымы ұлғайып келеді. 2 рет онлайн режимде ұйымдастырылған фестиваль 5 жылдан бері халықтық мерекеге айналып үлгерді. Биылғы байқауға 16 елден келген қатысушылар «Конгресс Холл» кешенінде екі күн бойы өз бақтарын сынамақ.