Республика күні мерекесі қарсаңында Сарыағаш ауданында әуесқойлар арасында велошеру өтті. Шараға Қазақстан және Өзбекстан мемлекетінің 200 велошерушісі қатысты. Оның ішінде кәсіпқой спортшыларымен бірге қарапайым әуесқойлар да бар, деп хабарлайды Dalanews.kz Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Велошеру Шымкент қаласынан бастау алып, «Жібек жолы» кеден бекетінің маңында мәреге жетті. Жалпы велошерушілер 120 шақырым жолды велосипедпен жүріп өтті. Спортшылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және сақтық шараларын алдын алу мақсатында жол бойы медицина және полиция қызметкерлері сүйемелдеді.

Велошерудің басты мақсаты – Қазақстан және Өзбекстан Республикасы арасындағы достық қарым-қатынастарды дамыту, нығайту және тұрғындар арасында салауатты өмір сүру салтын насихаттау.
Аталған шараның соңында велошерушілерге медальдар табысталып, ақ дастарқан жайылды.