Шаруа бастапқыда 15 шаршы метр жерді пайдаланған. Қазіргі таңда 240 шаршы метрге ұлғайтып, табыс тауып жатыр.
Жетісай және Шардара аудандарындағы диқандар бүгінде Қуанышбектің өніміне тапсырысты алдын ала беріп, кезекте тұрады.
Кәсіпкер агроөнеркəсіпке ден қойғанына бірнеше жыл болған. Алайда еккен егіні өнім бермей шығынға батқан. Себебі, жер сорланып, жарамсыз күйге түскен. Осының зардабын тартқан шаруа қолдан табиғи биогумус əзірлеуді қолға алыпты. Биогумус – шылаушынның асқазанынан қорытылып шыққан қалдық.
– Бұл топыраққа кез келген өсімдік өседі және химиялық қоспасыз өнім алудың ең тиміді жолы. Алдағы уақытта биогумус өндіру алқабын 2 мың шаршы метрге дейін жеткізуді жоспарлап отырмыз.
Осылайша, ауыл-аймақтағы малдың қиын қажетімізге жаратып, диқаншылыққа пайдалы өнім шығарамыз. Қазірдің өзінде биогумус өнімінің сұйық және қою түрлерін шығарып отырмыз. Биогумусты пайдалана отырып, өнім сапасын 4 жылда 100 пайыз арттыруға болады, – дейді Қуанышбек Сыдықұлы.
Ол алғашында Калифорниядан 150 мың қызыл құрт сатып алып, басын көбейткен. Қазіргі кезде оның шағын жер телімінде жиырма бес миллионнан астам шылаушын өсіп-жетілуде. Бір литрінің бағасы – 70 теңге. Жәндікті асырау үшін кез келген жануар мен құстың нәжісі жарамды екен.
Кәсіпкердің айтуынша, республикадағы 6 мыңға жуық шылаушын өсірушінің 3 мыңнан астамы Түркістан облысының тұрғындары болса, оның 150-і Жетісай ауданында тұрады.
https://dalanews.kz/aimak/89000-elimizdegi-suarmaly-zherding-4-1-boligi-tu