Ақтөбе тұрғыны Нұрхан Қадырова Грекия түрмесінде отырған 24 жастағы ұлы Рашид Қадыровқа көмек көрсетуді сұрап, Қазақстанның Сыртқы істер министрлігіне жүгінді. Оның айтуынша, ұлы әлеуметтік желідегі жұмыс туралы хабарландыруға сеніп, қылмыстық схемаға тап болған.
Анасының сөзінше, Рашид Instagram желісінен Түркияда жұмыс істеуге шақырған хабарландыруды көрген. Ұсыныс жасағандар оған ұшақ билетін сатып алып, туристерді моторлы қайықпен серуендететін жұмыс ұсынған.
Алайда кейін жас жігіттің заңсыз мигранттарды Грекияға жеткізуге тартылғаны белгілі болған. Ол Грекия аумағында ұсталып, заңсыз көші-қонды ұйымдастырды деген айыппен 125 жылға бас бостандығынан айырылған. Сонымен қатар оған ірі көлемде айыппұл салынған.
Нұрхан Қадырова ұлының адам тасымалдау ісін ұйымдастырмағанын және қайықтың иесі болмағанын айтады. Оның сөзінше, Рашид делдалдардың нұсқауларын орындап, халықаралық қылмыстық топтың құрбанына айналған.
Әйел тергеу мен сот барысында ұлына аудармашы берілмегенін де мәлімдеді. Оның айтуынша, шетел тілін білмейтін Рашид мазмұнын түсінбеген құжаттарға қол қоюға мәжбүр болған.
Отбасы бұған дейін Қазақстанның дипломатиялық өкілдіктеріне бірнеше рет өтініш білдіргенімен, істің шешілуіне ықпал ететін нақты көмек ала алмағанын жеткізді. Қазіргі уақытта Рашид Қадыров апелляциялық немесе кезекті сот отырысын күтіп отыр. Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің осы іс бойынша ресми жауабы әзірге жарияланған жоқ.