Қазақстан соңғы жылдары туризм саласын экономиканың маңызды драйверлерінің біріне айналдыруға ерекше көңіл бөліп келеді. Табиғаты көркем өңірлер, бай тарихи-мәдени мұра, ұлттық дәстүрлер мен бірегей гастрономия еліміздің туристік әлеуетін арттыратын негізгі факторлар саналады. Дегенмен саланың бәсекеге қабілеттілігін күшейту үшін жаңа бастамалар мен жүйелі жұмыстар қажет.
Қазақстан туристік қауымдастығының директоры Рашида Шайкенованың айтуынша, алдағы бес жылда туристік тартымдылықты арттыруда оқиғалық туризмге ерекше назар аударылуы тиіс, деп хабарлайды dalanews.kz.
– Соңғы екі-үш жылдың тәжірибесі оқиғалық туризмнің Қазақстанның туристік тартымдылығын арттырудағы негізгі бағыттардың бірі екенін көрсетті. Сондықтан халықаралық және республикалық деңгейдегі мәдени, спорттық және іскерлік іс-шараларды көбейту маңызды. Мұндай жобалар шетелдік қонақтардың қызығушылығын арттырып қана қоймай, өңірлердің танымал болуына да ықпал етеді, – дейді маман.
Сарапшының пікірінше, туризмнің табысты дамуы ең алдымен көлік қолжетімділігі мен сервистің сапасына байланысты. Осыған байланысты жол-көлік инфрақұрылымын жетілдіру, әуе бағыттарының санын көбейту және туристерді орналастыру орындарының желісін кеңейту маңызды міндеттердің қатарында.
Бүгінде саяхатшылар үшін демалыс орнының тартымдылығы тек табиғатымен ғана емес, көрсетілетін қызмет сапасымен де өлшенеді. Сондықтан қонақүйлердің, демалыс орындарының және туристік нысандардың қызмет көрсету деңгейін арттыру саланың бәсекеге қабілеттілігін күшейтеді.
Туризм индустриясындағы тағы бір маңызды бағыт – цифрландыру. Заманауи технологиялар туристік өнімдерді халықаралық нарықта тиімді ілгерілетуге мүмкіндік береді. Онлайн брондау жүйелері, цифрлық гидтер, мобильді қосымшалар мен жасанды интеллект негізіндегі сервистер туристердің сапарын анағұрлым ыңғайлы етеді.
– Туризмді цифрландыру жаңа нарықтарға шығуға және шетелдік туристерді тартуға жол ашады. Бүгінде әлемдік туризм индустриясы цифрлық шешімдерге сүйенеді. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыстарды күшейту қажет, – дейді Рашида Шайкенова.
Сарапшы ұлттық асхана мен гастрономиялық туризмді дамытудың да маңыздылығына тоқталды. Оның айтуынша, туристерді табиғат пен көрікті жерлер ғана емес, жергілікті халықтың мәдениеті мен тұрмыс-тіршілігі де қызықтырады.
Қазақтың дәстүрлі тағамдары, өңірлік ас мәзірі және ұлттық қонақжайлық мәдениеті еліміздің туристік брендіне айналуы мүмкін. Бұл бағытта гастрономиялық фестивальдер ұйымдастырып, ұлттық тағамдарды халықаралық деңгейде насихаттау маңызды.
Жалпы, сарапшының пікірінше, туризм саласының негізгі қағидаты тұрақты даму болуы тиіс. Бұл ретте шетелдік туристерді тартумен қатар, ішкі туризмді дамыту да басымдықтардың бірі болып қала береді.
– Ең бастысы – қазақстандықтар өз елінде сапалы туристік қызмет алып, төлеген қаражатына сай сервисті көретініне сенімді болуы керек. Сонда ғана ішкі туризм де, халықаралық туризм де қарқынды дамиды, – дейді Қазақстан туристік қауымдастығының директоры.
Мамандардың айтуынша, оқиғалық туризмді дамыту, инфрақұрылымды жетілдіру, цифрлық технологияларды енгізу және ұлттық ерекшеліктерді тиімді насихаттау Қазақстанның туристік әлеуетін жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді. Ал бұл өз кезегінде өңірлердің экономикалық дамуына серпін беріп, еліміздің халықаралық туристік картадағы орнын нығайта түспек.