Түлкібастықтар «Алыстағы ағайын» фильмін тамашалады

Dalanews 14 қар. 2018 03:00 240

Түлкібас аудандық мәдениет үйінде жерлесіміз, дүниежүзі қазақтар қауымдастығы төрағасының орынбасары  Зауытбек Тұрысбеков арнайы ауданға ат басын бұрып, тұрғындармен кездесті. Кездесу шымылдығын аудан әкімі Нұрбол Тұрашбеков алғысөзбен ашты.

– Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында және ауданымыздың құрылғанына 90 жыл толуына орай, жыл басынан бері түрлі мәдени іс-шаралармен қатарғалым Мекемтас Мырзахметұлы, жазушы Мархабат Байғұт сынды ғалым, жазушы ағаларымызбен кездесу кештері ұйымдастырылса, бүгін міне асыл азамат, іскер басшы жерлесіміз Зауытбек Қауысбекұлының  мұрындық болуымен шет елдегі отандастарымыз жайлы  түсірілген «Алыстағы ағайын» атты деректі фильмін тамашалап отырмыз. Осы орайда айта кететін жайт Зауытбек Қауысбекұлының атсалысуымен Ташкент қаласында  Төле би бабамыздың ескерткіші қайта жөнделсе, Мәскеуде жерлесіміз Тұрар Рысқұловтың ескерткіш тақтасы ашылған болатын, – деді Нұрбол Әбдісаттарұлы. Зауытбек Қауысбекұлына ауданға арнайы келіп, тұрғындармен кездесуге алтын уақытын бөлгені үшін алғысын білдіріп, Түлкібас ауданының 90 жылдық төсбелгісін табыстады.

Сонымен қатар кездесу барысында Зауытбек Қауысбекұлының ұйытқы болуымен түсірілген «Алыстағы ағайын» атты қиын қыстау заманда Түркия еліне қоныс аударған қазақ ағайындар туралы деректі фильмінің тұсаукесері өтті. Осы мақсатты бүгінгі көрсетіліп отырған деректі фильм кезінде қазақ халқы үшін өте нәубат жылдар болған яғни ашаршылық кезінде тарыдай  шашыраған қазақ халқының тағдыр тауқыметі баяндалады. Болашақ ұрпағының амандығы үшін бас сауғалаған қазақ халқы көршілес Қытай, Түркия, Үндістан, Ауғанстан, Пәкістан тағы басқа да мемлекеттерге қоныс аударды. Бүгінгі деректі фильмде бейнелеген кейіпкеріміз алғашқы кезде  Қытай және Үндістан елінде болып, түрлі қиындықтарды басынан кешеді. Көш кезінде көрші мемлекеттерде ашаршылыққа, суыққа төзе алмаған отандастарымыздың бірі жол бойында қаза тапса, бірі көрші мемлекетте дүние салғаны баяндалады. Алайда тілі бөлек болғанмен жүрегі бір, түбі бір  Түркия елі құшақ жая қарсы алып, фильмде көп көмектер көрсетілгені айтылады. Бүгінде Түркия елінде 20 мыңға жуық қазақтар өмір сүруде.

Кездесу соңында сөз алған Зауытбек Қауысбекұлы туып өскен өлкесіне келіп, жерлестерімен кездесіп айрықша қуанышқа бөленгенін жеткізіп, дүниежүзі қазақтар қауымдастығының атқарып жатқан жұмыстарына тоқталып өтті. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының аясында шет елдерге қоныс аударған ағайындармен тығыз байлыныста жүргізіліп жатқан жұмыстарды айтты. Кездесуге келген аудан тұрғындары  Зауытбек Қауысбекұлының  қызмет барысында жүргізген тарихи зерттеулерін зейін қойып тындап, өз тараптарынан ыстық лебіздерін білдірді.

 

Бақытжан ИМАНБАЕВ

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x