Тоқаев халықтың табысын арттыру үшін не істеу керектігін айтты

Dalanews 17 қаң. 2022 15:03 986

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекет пен халықтың мүддесіне бағытталған табыстарды арттыру үшін "Самұрық-Қазына" мен үкімет арасындағы өзара қатынастардың сипатын өзгерту қажет деп есептейді.

Бұл туралы мемлекет басшысының баспасөз хатшысы Берік Уәли желідегі парақшасында жазды.

Мемлекет басшысының пікірінше, үкімет ең алдымен тым көп басқару құрылымдарын қысқартумен айналысуы керек.

"Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметтен экономиканың негізгі салаларында шынайы бәсекеге негізделген орта қалыптастыруды және қор мен ұлттық компаниялардың сатып алу жүйелерінің ашықтығын қамтамасыз етуді талап етті", - дейді Берік Уәли.

Президент мемлекет экономикаға көп араласа бермеуі керек және осы тұрғыда "Самұрық-Қазына" қорының активтерін жекешелендіру ісін жандандыруы қажет деген пікірде.

Осыған орай жекешелендіру кезінде ашықтықты сақтау маңызды. Онсыз экономиканы құрылымдық тұрғыдан қайта құру мүмкін емес.

Президент үкіметтен және жекешелендіру жөніндегі мемлекеттік комиссиядан нақты ұсыныстар мен іс-әрекеттер күтеді.


Еске сала кетейік, мемлекет басшысы 11 қаңтарда өткен мәжілістің пленарлық отырысында "Самұрық-Қазына" қорының қызметін толығымен трансформациялау қажет екенін айтқан болатын.

Қордың портфельді компаниялары – ұлттық экономиканың жүйе құраушы құрылымдары. Сондықтан қазір экономиканы құрылымдық жағынан қайта құру және ресурстарды ел игілігіне бағыттау жөніндегі міндеттердің орындалуы қордың жұмысына байланысты.

...

Бұған дейін Мемлекет басшысы егер қорды реформалау мүлде мүмкін болмаса, ондай құрылымның экономикамызда болмағаны жөн екенін баса айтқан.


Президенттің айтуынша, бүгінде бұл қордың активі еліміздің ішкі жалпы өнімінің 60 процентіне жуықтайды.

"Яғни, осы ұйымның тиімді қызметі бүкіл экономикамызды өркендетуге тікелей әсер етеді. Қордың инфрақұрылымдық компаниялары экономикамыздың барлық дерлік секторын айқындайды. Осы тұста қор өзінің негізгі міндетін орындап отыр ма? Яғни, ұлттық байлықты еселей алды ма? деген орынды сұрақ туындайды. Қомақты жалақы алатын қызметкерлері, директорлар кеңесі немен айналысады?", - деген болатын президент.

Ол қызметі өте қымбат консталтинг компанияларын және шетелдік мамандарды жұмысқа тартқанынан пайда бар ма деп сұраған.

Тоқаев "Самұрық-Қазына" қоры еліміздің стратегиялық активтерін басқару ісінде басты рөл атқаратынын атап өткен.

"Сондықтан үкіметке стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігімен бірлесіп, квазимемлекеттік секторды түбегейлі реформалау үшін ұсыныстар әзірлеуді тапсырамын. Егер қорды реформалау мүлде мүмкін болмаса, ондай құрылымның экономикамызда болмағаны жөн", – деді Мемлекет басшысы.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар