Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Шанхай ынтымақтастық ұйымының (ШЫҰ) саммитіне қатысу үшін келді. Саммит Қырғызстандағы «Ырыс Ордо» конгресс-холында өтеді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Мемлекет басшысын әуежайда Қырғызстанның Сыртқы істер министрі Жээнбек Құлубаев қарсы алды.
Қырғыз дипломаты Қасым-Жомарт Тоқаевты саммит өтетін конгресс-холға дейін бастап барды. Мұнда Қазақстан Президентін Қырғызстан басшысы Садыр Жапаров ресми түрде қарсы алу рәсімі өтті.
Еске салсақ, Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммитіне ШЫҰ+ форматындағы кездесуді қоса алғанда, 18 мемлекеттің көшбасшылары мен халықаралық ұйымдардың жетекшілері қатысады. Саммит барысында өңірлік қауіпсіздік, экономикалық ынтымақтастық және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер талқыланады.