"Өмірлік қиын жағдайда қалған Қазақстан Республикасы азаматтарының борыш жүктемесін азайту жөнінде уақтылы көмек көрсету мақсатында қаулы етемін:
1. Қазақстан Республикасының Үкіметі екінші деңгейдегі банктердегі және микроқаржы ұйымдарындағы кепілсіз тұтынушылық қарыздары бойынша мынадай жағдайларда:
1) аталған қарыздар бойынша борышкерлер көпбалалы отбасылар, асыраушысынан айрылу жағдайына байланысты төлем алатын отбасылар, мүгедек балалары бар, 18 жастан асқан, бала жасынан мүгедектер бар отбасылар, атаулы мемлекеттік әлеуметтік көмек алатындар, жетім балалар, ата-анасынан кәмелеттік жасқа дейін айырылған, жиырма тоғыз жасқа толмаған, ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балалар;
2) қарыз бойынша жалпы берешегі 2019 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша 3 000 000 (үш миллион) теңгеден аспайтын болса;
3) бір қарыз алушыға 2019 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша негізгі борышы мен оған есептелген сыйақыдан тұратын өтелетін берешегінің мөлшері 300 000 (үш жүз мың) теңгеден аспайтын болса, оларды өтеу бойынша біржолғы тәртіпте шаралар қабылдасын", - деп жазылған жарлықта.
Жарлықтың орындалуын бақылау президент әкімшілігіне жүктелді.
Кімнің қарызы өтеледі?
Аталған көмекті алу үшін жалпы несиенің сомасы 1 маусымдағы жағдай бойынша 3 миллион теңгеден аспауы керек. Осы санаттағы азаматтардың 300 мың теңгеге дейінгі берешегі өтеледі.
"Қарыз алушылардың 55 пайызы, яғни 250 мың адам үшін олардың кредиті негізгі берешегі мен сыйақысын қоса алғанда толық өтеледі деген сөз. Ал басқа азаматтардың қарызының бір бөлігі 300 мың теңге көлемінде өтеледі. Бұл олар үшін айтарлықтай көмек болады", - деп түсіндірді Тоқаев БАҚ өкілдерімен өткен кездесуде.