Алматыда коммуналдық қызмет күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр, деп хабарлайды dalanews.kz.
Түнгі сағат 01:30-дан бері жаңбыр жауып тұр, ал сағат 05:00-ден бастап әл-Фараби даңғылынан оңтүстікке қарай жауын-шашын қарға ұласты. Болжам бойынша жауын-шашын сағат 19:00-ге дейін жалғасып, оның жалпы мөлшері 15-17 мм болмақ. Желдің екпіні 15–20 м/с-қа дейін жетуі мүмкін. Күндіз ауа температурасы +5…+7 °C шамасында болады.
"Су басудың алдын алу мақсатында 85 жедел бригаданың кезекшілігі ұйымдастырылып, 415 техника жұмылдырылды, 97 мотопомпа мен құм салынған 5 мыңға жуық қап дайындалды. Қаланың жоғарғы бөлігінде жолға көктайғаққа қарсы материалдар себіліп жатыр. Коммуналдық қызметтің жұмысына 3 250 жол саласы жұмысшысы мен 1 225 арнайы техника жұмылдырылған", - деп жазылған хабарламада.
Сағат 07:00-дегі жағдай бойынша қалада су басу деректері тіркелген жоқ.
28 қарашада күн ала бұлтты болып, түнде жаңбыр мен қар түрінде аздаған жауын-шашын жаууы мүмкін. Ауа температурасы түнде +2…+4 °C, күндіз +6…+8 °C болады.