16 сәуір күні Алматыда толассыз жауған жаңбыр салдарынан қала көшелерін су басып, бірқатар аумақта қозғалыс қиындады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
ZTB news телеграм арнасы әлеуметтік желілерде тараған видеоларды бөлісті. Онда жолдардың үлкен шалшыққа айналғаны байқалады. Көліктер мен жаяу жүргіншілер қозғалысы да айтарлықтай қиындаған.
"Қала тұрғындары жағдайды әзілге айналдырып, "ластамен жүру керек" деп жазып жатыр", - дейді дереккөз.
Қала әкімдігінің мәліметінше, қолайсыз ауа райы алдын ала белгілі болған. Осыған байланысты коммуналдық қызметтер күшейтілген режимде жұмыс істеген. Қосымша арнайы техника мен жұмыс күші жұмылдырылған.
Ресми дерекке сәйкес, 75 жедел бригада құрылып, оған 425 жол жұмысшысы тартылған. Сондай-ақ 2300 қап құм дайындалған. Жалпы тәулік ішінде жұмыстарға 2700-ден астам адам қатысқан.
"Алматы тазалық" мекемесі мен мердігер ұйымдарда тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылып, құтқару қызметтері де күшейтілген режимде жұмыс істеген.
Алдын ала ақпарат бойынша, су басу салдарынан зардап шеккендер тіркелмеген.
