Тойдағы уағызға қатысты ҚМДБ мәлімдеме жасады

Тойдағы уағызға қатысты ҚМДБ мәлімдеме жасады
видео кадры

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы тойдағы уағызға қатысты мәлімдеме жасады, деп хабарлайды dalanews.kz.

«Музыка – харам, ал әншілер – шайтанның азаншысы» деген мазмұнда тойда пікір білдірген адамның сөзі әлеуметтік желіде кеңінен тарап, қоғам арасында түсінбеушілік туғызған болатын.

Ислам діні даналықпен насихат айтуға, өзгелерді ауыр сөзбен айыптамауға, біреудің ар-намысына құрметпен қарауға үндейді. Сондықтан қандай да діни мәселеге қатысты өнер өкілдерін жалпылама айыптау немесе оларға ауыр сипаттамалар беру дұрыс емес. Сонымен қатар аналарымызды, қыз-келіншектерді бейәдеп сөзбен кемсіту де өрескел қателік деп санаймыз. Адамды арсыздыққа, азғындыққа және шариғат тыйым салған істерге үндейтін әндерді дініміз құптамайды. Алайда дініміз бен дәстүріміздің асыл құндылықтарын дәріптейтін, Отанды қорғауға, ата-ананы қадірлеуге үндейтін, адамгершілік пен ізгілікке шақыратын әндерге рұқсат берілетіні жайында Ислам ғалымдарының пікірі бар, - дейді басқарма өкілдері.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы еліміздегі мұсылман қауымын, барша халықты әрқашан өзара құрметке, парасатқа, көркем мінезге және бірлікке үндеп келеді.

Осы ретте тағы да ел азаматтарын сөз жауапкершілігіне ден қоюға, діни мәселелерде тек ресми діни қызметтегі білікті ғалымдардың түсіндірмесіне сүйенуге және қоғамның ауызбіршілігін сақтауға шақырамыз, - делінген жауапта. 

Еске салайық, бұған дейін әлеуметтік желіде тойда уағыз айтқан ер адамның видеосы тараған болатын. 

Біз мұсылман болғаннан кейін шариғаттың үкімі болады. Арақ деген бәледен құтылдық. Бірақ тағы екі нәрсе бар: біреуі музыка деген бәледен құтылуымыз керек. Ол шариғатқа түк те сай келмейді. Екіншісі - ұрғашылар мен еркектер бірге отыруға болмайды. Себебі біз Алланың алдына барамыз да жауап береміз. Ал әншірлерді шариғатта шайтанның азаншысы деп айтады, - дейді видеодағы ер адам.