Тойда әйелдерді “ұрғашы” деп атаған ер адам жеті жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін

Тойда әйелдерді “ұрғашы” деп атаған ер адам жеті жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін
Фото: t.me/POLICE_of_KZ

Түркістан облысында той үстінде әйелдерді "ұрғашылар" деп атап, әншілерді "шайтанның азаншыларына" теңеген ер адамға қатысты сотқа дейінгі тергеу аяқталды. Қылмыстық іс сотқа жолданған, деп хабарлайды dalanews.kz inform.kz-ке сілтеме жасап.

Түркістан облысы Полиция департаментінің ресми сауалға берген жауабына сәйкес, Қанаев К.-ға қатысты іс тергеу басталғаннан аяқталғанға дейін Қылмыстық кодекстің 174-бабының 1-бөлігі бойынша қаралған. Істің саралануы өзгертілмеген және оған қосымша баптар енгізілмеген.

"Қанаев К.-ға қатысты қылмыстық іс сотқа дейінгі тергеу басталған сәттен бастап аяқталғанға дейін ҚР Қылмыстық кодексінің 174-бабы 1-бөлігі бойынша тергелді. Қылмыстық құқық бұзушылықтың саралануы өзгертілген жоқ және қосымша баппен толықтырылмады", – деді Түркістан облысы Полиция департаменті тергеу басқармасының бастығы Мұхтар Сейділдаев.

Күдіктіге екі ай мерзімге қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылған. Кейін қамау мерзімі ұзартылмаған.

Тергеу барысында кешенді сот дінтану, саясаттану және психологиялық-филологиялық сараптамасы жүргізіліп, оның қорытындысы алынған. Ал 26 тамызда қылмыстық іс сотқа жіберілген.

"2026 жылғы 26 тамызда қылмыстық іс Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексінің 190-бабында көзделген тәртіппен сотқа жолданды. Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің өзге де мәліметтері ҚР ҚПК-нің 201-бабының талаптарына сәйкес жария етуге жатпайды", – деді Мұхтар Сейділдаев.

Қылмыстық кодекстің 174-бабының 1-бөлігі әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік немесе діни алауыздықты қоздыруға бағытталған қасақана жария әрекеттер үшін жауапкершілікті қарастырады. Бұл бап бойынша 2 мыңнан 7 мың АЕК-ке дейін айыппұл салынуы, екі жылдан жеті жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін.

2026 жылы бір АЕК 4 325 теңгені құрайды. Демек, айыппұл мөлшері 8 млн 650 мың теңгеден 30 млн 275 мың теңгеге дейін жетуі ықтимал. Алайда ер адам кінәлі деп танылған жағдайда нақты жазаны сот белгілейді.

Еске салайық, оқиға тамыз айының басында Түркістан облысының Жетісай қаласында өткен тойда болған. Әлеуметтік желіде тараған видеода той қонағы ерлер мен әйелдер бөлек отыруы керек екенін айтып, әйелдерді «ұрғашылар» деп атаған. Сондай-ақ ол әншілерді «шайтанның азаншыларына» теңеген. Видео қоғамда қызу талқыға түсіп, кейін полиция қылмыстық іс қозғады.

Оқиғаға сол кездегі Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин де пікір білдіріп, Қазақстанның зайырлы мемлекет екенін және дінді өнер мен мәдениетке қарсы қоюға болмайтынын атап өткен. Оның сөзінше, әйелдерді кемсіту, әншілер мен музыка өнеріне теріс көзқарас таныту ұлттық болмысқа жат.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы да мәлімдеме жасап, исламда ана мен әйелге құрмет көрсету талап етілетінін, ал адамның ар-намысы мен қадір-қасиетін қорлауға жол берілмейтінін еске салған.