Тегін балмұздақ таратқан ақтаулық кәсіпкер жауапкершілікке тартылды

Көркем Алдабергенова 02 мау. 2025 09:31

Ақтауда тегін балмұздақ таратқан кәсіпкер жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні Ақтауда ойламаған оқиғаға себеп болды. Әлеуметтік желілерде балмұздаққа таласқан халықтың видеосы тарап, қоғамда қызу талқы туғызған еді. Бұл жағдайдан кейін акцияны ұйымдастырған кәсіпкер әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Балалар киімін сататын дүкен иесі Роза Рымбаева мерекеге орай балаларға тегін балмұздақ таратуды ұйғарған. Алайда қайырымдылық шарасы тәртіпсіздікке ұласты: балмұздаққа тек балалар емес, ересектер де жаппай кезекке тұрып, бір-бірімен жарыса бастаған.

Ақтау әкімдігі бұл акция жергілікті атқарушы органдармен алдын ала келісілмей өткізілгенін мәлімдеді. Нәтижесінде кәсіпкерге заңсыз іс-шара өткізгені үшін айыппұл салынды.

"Іс-шара жергілікті әкімдікпен келісілмеген. Осыған байланысты дүкен иесіне ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 488-1-бабы бойынша 20 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынды", - деп хабарлады Ақтау қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі.

Желі қолданушылары бұл жағдайға түрлі көзқарас танытты. Бірі тәртіпсіздікті халық мәдениетінің төмендігінен көрсе, енді бірі шенеуніктердің тым қатаң әрекет еткенін сынауда.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар