Тәуелсіз бақылаушылар Құрылтай сайлауының ашықтығын қамтамасыз етуге ниетті екенін білдірді

Тәуелсіз бақылаушылар Құрылтай сайлауының ашықтығын қамтамасыз етуге ниетті екенін білдірді

«Халық үні» тәуелсіз бақылаушылар тобы Құрылтай депутаттарының сайлауын қоғамдық бақылаумен қамтамасыз етіп, дауыс беру процесінің ашықтығы мен дауыстардың әділ есептелуіне ықпал етуді мақсат етіп отыр. Бұл туралы бірлестік өкілдері Алматыда өткен баспасөз конференциясында мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.

Топ жетекшісі Нұрболат Нышанбаевтың айтуынша, бірлестіктің қызметі саяси бейтараптық, тәуелсіздік және қоғамдық бақылаудың объективтілігі қағидаттарына негізделеді. Негізгі міндет – сайлау заңнамасының сақталуын, сайлау науқанына қатысушылар үшін тең жағдайдың қамтамасыз етілуін және әрбір берілген дауыстың заң талаптарына сай дұрыс есептелуін қоғамдық бақылау.

Қазіргі уақытта бірлестік қоғамдық бақылаушыларды даярлау жұмыстарына кірісті. Оқыту бағдарламасы олардың құқықтары мен міндеттерін, сайлау заңнамасының талаптарын, дауыс беру мен бюллетеньдерді санау тәртібін, сондай-ақ сайлау учаскелерінде туындауы мүмкін түрлі жағдайларда әрекет ету алгоритмдерін қамтиды. Қатысушылар арнайы әдістемелік материалдармен және электрондық нұсқаулықтармен қамтамасыз етіледі.

Бақылау жұмысына белсенді әрі жауапты азаматтарды, оның ішінде жастарды тарту жоспарланып отыр. Бірлестік өкілдерінің пікірінше, азаматтық қоғамның сайлау процесіне тікелей қатысуы оның ашықтығын арттырып, дауыс беру қорытындыларына деген қоғамдық сенімді нығайтады.

Топ өкілдері тәуелсіз қоғамдық бақылау саяси ұстанымдарға немесе сайлау нәтижесіне тәуелді болмауы тиіс екенін атап өтті. Олардың айтуынша, басты басымдық қай саяси күштің жеңіске жететініне қарамастан, барлық бюллетеньнің әділ, ашық әрі объективті есептелуін қамтамасыз ету.

Сондай-ақ қоғамдық бақылаушылардың жұмысы тек дауыс беру күніндегі процесті тіркеумен шектелмейтіні айтылды. Учаскелерде жинақталған тәжірибе сайлау заңнамасының қолданылу тәжірибесін талдауға, өзекті мәселелерді анықтауға және сайлау рәсімдерін жетілдіруге бағытталған ұсыныстар әзірлеуге мүмкіндік береді.

Баспасөз конференциясына саясаттанушылар Бекнұр Кисиков, Ермұрат Бәпи, Дос Көшім, сондай-ақ журналист әрі саясаттанушы Нұргелді Әбдіғани қатысты.