Тараз қаласында №17 бағыттағы автобустың жүргізушісі мас күйінде көлік басқарғаны үшін жазаға тартылды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Бұл дерек "Қауіпсіз жол" жедел-алдын алу шарасы кезінде анықталған. Күдік тудырған автобусты тоқтатқан полицейлер жүргізушіні тексерістен өткізген. Медициналық сараптама қорытындысы 55 жастағы ер адамның алкогольдік мас күйінде болғанын растады.
ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 608-бабы 1-бөлігіне сәйкес, жүргізушіге әкімшілік хаттама толтырылды. Сот шешімімен ол 15 тәулікке қамауға алынып, 7 жылға жүргізуші куәлігінен айырылды.
"Мас күйінде көлік жүргізу – жолдағы қауіпсіздікке тікелей қауіп төндіреді және заң бойынша қатаң жазаланады", – деп атап өтті полиция өкілдері.
Еске салайық, бұған дейін полицейлер жүргізушілердің масаңдығын тексерудің жаңа ережелерін түсіндірген еді.
16 қыркүйектен бастап жүргізушілердің масаңдығын тексерудің ережелері жаңартылды.
Бұл ережелер Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 796-бабы бойынша жүргізілетін әкімшілік өндіріс аясында ғана қолданылады. Бұл нормада басқару құқығынан уақытша айыру және мас күйдегі жүргізушілерді тексеру көзделеді.
"Жаңартылған ережелер тек көлік жүргізетіндерге қатысты. Жаяу жүргіншілер мен басқаларға қатысты жаңа талаптар енгізілген жоқ. Сондай-ақ, рәсімнің өзі бұрынғы қалпында қалып отыр, түпкілікті өзгеріс жоқ. Бір ғана жаңалық - бекітілген нысанның түрі. Бұрын ережелер Үкімет қаулысымен бекітілген болса, енді олар ІІМ бұйрығы арқылы бекітіледі", - деді ІІМ өкілі.
Сонымен қатар, жүргізуші арнайы құралдармен, мәселен алкотестермен масаңдық дәрежесін тексеруден бас тартуға немесе медициналық ұйымда тексерісті жалғастыруға құқылы.
"Масаңдыққа тексеруден жалтару немесе бас тарту ҚР ӘҚБтК-нің 613-бабы 4-бөлігінде көзделген әкімшілік іс жүргізуді қозғау үшін негіз болады", - деді ІІМ өкілі.