Полицейлердің мәліметі бойынша қайғылы оқиға 14 наурызында түнгі уақыт 03:00-дерде Көкшетау қаласындағы автоқалашық шағын ауданында орын алған.
Досымен бірге үйіне бара жатқан 25 жастағы спортшыны бір топ жас жігіттер тоқтатады. Араққа сылқия тойып алған жігіттермен бірден сөзге келіп қалған олардың арасында төбелес шығады. Алты адамнан тұратын бұзақылар Евгений мен оның досын соққыға жығады. Досы қаскөйлерден сытылып сол маңдағы «Рома» дүкеніне көмек шақыруға жүгіреді. Осы кезде бұзақылардың бірі спортшыға бірнеше жерден пышақ сұғып үлгереді. Алған ауыр жарақаттан Евгений сол жерде тіл тартпастан көз жұмады.
Оқиға орнына дереу жеткен полицейлер аталған дүкендегі бейне жазбаны тексеріп, көп ұзатпай күдіктілерді қолға түсірді. Қазіргі кезде күдіктілердің бірі қылмысын мойнына алып, үстінен ҚР ҚК-нің 99-бабының 1-бөлімі бойынша (адам өлтіру) сотқа дейінгі іс қозғалды.
Евгений Галузинский пауэрлифтингтен жөспірімдер арасында əлем чемпионы, жастар арасында əлем чемпионатының жүлдегері, ҚР бірнеше дүркін чемпионы. 2009 жылы Бразилияда пауэрлифтингтен IPF нұсқасы бойынша төрт мəрте əлем рекордын жаңартты. Марқұмның артында əйелі мен 1,5 жастағы қызы қалды.