Полиция департаменті сотқа дейінгі тергеу аяқталғанын хабарлады. Қылмыстық іс материалдары тараптарға танысу үшін берілген. Күдікті қамауда отыр. Өзге мәліметтер жария етілмейді.
Талдықорған қаласында өткен жылы 13 жастағы қыз Telegram арқылы танысқан адамға алданып қалған, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Оқиға өткен жылдың жазында болған. Қыз құрбысының кеңесімен танысуға арналған Telegram-ботқа тіркеліп, өзін 15 жастамын деп таныстырған адаммен сөйлесе бастаған. Біраз уақыт хат жазысқаннан кейін ол қыздан видео сұрап, әр минутына 2500–3000 теңге төлейтінін айтқан. Алғашында келіспеген оқушы құрбысының үгітінен кейін келісім берген.
Кейін әлгі адам кездесуді ұсынған. Қыздар көрсетілген мекенжайға барғанда, оларды ересек ер адам қарсы алған. Қыздардың біреуімен жеке қалған ол зорлық сипатындағы әрекеттер жасаған. Оқиғадан кейін ол қыздарға ақша беріп, азық-түлік сатып алып беріп, үйлеріне жіберген.
Осыдан соң жәбірленушіге өзін күдіктінің жұбайымын деп таныстырған әйел хабарласып, хат хабарларды өшіруді талап еткен. Қыз қорқып, жазбаларды жойған. Алайда ер адам байланысын тоқтатпай, келесі күні тағы кездескен. Екінші кездесуде де ол заңсыз әрекеттер жасап, шамамен 10 мың теңге берген.
Екінші кездесуден кейін қыз күдіктіні бұғаттаған. Алайда құрбысы оның өткенін жариялаймын деп бопсалай бастаған. Қорыққан оқушы бәрін жігітіне айтып берген. Кейін ол бұл туралы қыздың анасына жеткізген.
Анасы полицияға арыз жазған.
Бұл дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 122-бабы бойынша іс қозғалды. Жақындарының айтуынша, жәбірленуші кейін күдіктілерді ақтау үшін көрсетулерін өзгерткен.
