Шымкенттегі Қайнарбұлақ тұрғын алабында коммуналдық қызметке тиесілі жүк көлігі 11 жастағы баланы қағып кетіп, ол оқиға орнында көз жұмды. Қайғылы жағдай жаяу жүргіншілер өткелінде болған, деп хабарлайды dalanews.kz.
КТК телеарнасының мәліметінше, қаза тапқан бесінші сынып оқушысы Нұрасыл кіші қарындасымен бірге дүкенге балмұздақ алуға шыққан. Балалар жолды жаяу жүргіншілер өткелі арқылы кесіп өтпек болған кезде оларды жүк көлігі қағып кеткен.
Ауыр жарақат алған 11 жастағы бала оқиға орнында қайтыс болды. Марқұмның әкесі ұлы жолды «зебрамен» өтіп бара жатқанын айтып, кінәлі адамның заң аясында жазалануына үміт білдірді.
Телеарна сюжетінде айтылғандай, көлік жүргізушісі Абай аудандық әкімдігіне қарасты коммуналдық кәсіпорындардың бірінде жұмыс істейді. Оқиғадан кейін жүргізуші ұсталып, жүк көлігі айып тұрағына қойылған. Куәгерлердің сөзінше, жол апатынан кейін жүргізуші есеңгіреп қалған.
Полиция қылмыстық іс қозғады
Шымкент қалалық полиция департаменті адам өліміне әкелген жол-көлік оқиғасы бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады. Полиция мәліметінше, жүк көлігінің жүргізушісі Қайнарбұлақ шағынауданындағы жаяу жүргіншілер өткелінде кәмелетке толмаған баланы қағып кеткен.
«Жол-көлік оқиғасы салдарынан бала оқиға орнында көз жұмды», – деп мәлімдеді ведомство.