Шымкент қаласында автокөлік жөндеу бокстарында өрт болды. Бұл туралы Төтенше жағдайлар министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Ведомство мәліметінше, оқиға Тұран ауданындағы Исаханов көшесінде болған. Оқиға орнына жедел жеткен өрт сөндірушілер сегіз бокстың төртеуі отқа оранғанын анықтады. Өрттің жалпы аумағы 119 шаршы метрді құраған.
Өртті сөндіру барысында құтқарушылар жарылыс қаупінің алдын алу үшін қауіпті аймақтан көлемі 50 литрлік оттегі баллонын қауіпсіз жерге шығарды.
Өрт толықтай сөндірілді. Оқиғадан зардап шеккендер жоқ.
Қазіргі уақытта өрттің шығу себебі анықталып жатыр.