Астана әкімдігі көпбалалы және аз қамтылған отбасыларды әлеуметтік қолдаудың қосымша шаралары туралы жариялады.
Астана қаласының әкімдігі тұрғындарды әлеуметтік қолдау шараларын арттыру бойынша кешенді жоспарды әзірлейді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Бүгін қала әкімдігінде әкім Бақыт Сұлтановтың төрағалығымен кезекті кеңес өтті, ондағы басты мәселеге тұрғындардың әл-ауқатын және тұрмыс-тіршілігінің сапасын арттыру болды.
Қала әкімі, Елбасының тұрғындардың әл-ауқатын және тұрмыс-тіршілігінің сапасын арттыруға бағытталған шараларды күшейту бойынша тапсырмаларын уақытылы және сапалы орындалу керектігін еске салды.
«Мемлекет басшысының тапсырмаларын уақыты және сапалы орындауға барлығымыз атсалысуымыз керек», – деді Б. Сұлтанов.
Әкімнің орынбасары Нұрлан Нұркенов атап өтуінше, Елбасы тапсырмасын орындау тұрғысында әкімдік тұрғындарды қолдау бойынша әлеуметтік қызметтер және шаралар жиынтығын қалыптастырған.
«2 мың отбасы үшін тұрғын үй көмегі орташа есеппен 18 % арттырылды.
Аз қамтылған отбасылар коммуналдық қызметтерді төлеу бойынша көмекке ие болады.
18 жастан асқан мүмкіндігі шектеулі тұлғаларды күтушілер тегін жолақысымен қамтамасыз етіледі. Үйде білім алатын мүмкіндігі шектеулі балаларға көмек 25 мың теңгеге дейін арттырылды.
Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында тегін техникалық және кәсіби білім алуға қолдау көрсетіледі. Бюджеттік ұйым қызметкерлеріне 2 мың тұрғын үй сертифакатын беру қарастырылды», – деді Н Нұркенов.
Бақыт Сұлтанов атап өткендей, аталған шаралар жиынтығы бұдан әрі кеңейтілетін болады.
«Бұл үшін бюджетті оңтайландырып, үнемделген қаржыны әлеуметтік салаға жұмсаймыз. Алдағы бюджетті нақтылау аясында көпбалалы және аз қамтылған отбасыларды қолдауға жалпы сомасы 3,2 млрд. теңгені құрайтын 8 қосымша әлеуметтік шара қарастырылады», – деді әкім.
Көпбалалы отбасылардың балаларына, оның ішінде мектеп оқушылары, жоғары оқу орындары мен колледж студенттеріне қоғамдық көлікте тегін жүру мүмкіндігі беріледі. (Бұл көмекті 36 мың адам алады. Осы қолдауға бюджеттен 208 млн. теңге қарастырылады).
1-11 сыныптарда оқитын көпбалалы отбасылардың балалары мектепте тегін ыстық тамақпен қамтылады.
Осы санаттағы 32 мың балаға 971 млн. теңге бөлінеді. Олар, сондай-ақ, мектеп формасымен және қажетті оқу құралдармен тегін қамтамасыз етіледі (32 мың балаға 638 млн. теңге бөлінеді).
Одан бөлек, көпбалалы және аз қамтылған отбасы балаларына, жетім балаларға арнайы сауықтыру демалысы ұйымдастырылады (10 мың балаға 500 млн. теңге бөлінеді).
Көпбалалы және аз қамтылған отбасы балалары, сондай-ақ, мүгедек балалар балабақшаға тегін орналастырылады. Бюджеттен 3,8 мың баланы қамту үшін 513 млн. теңге қарастырылады.
Сондай ақ, көпбалалы отбасыдан шыққан 180 балаға елордалық жоғары оқу орнында сұранысқа ие мамандықтар бойынша білім алуға арнайы гранттар беріледі (25 млн. теңге, жылына 500 мың теңге). Көпбалалы аналарға тегін стоматологиялық көмек көрсетіледі (санация, протездеу). Бұл көмекпен 10 мың адамды қамту үшін 404 млн. теңге бөлінбек. Сонымен қатар, бюджет нақтыланғаннан кейін көпбалалы отбасылар қатты отын (көмір) алу үшін әлеуметтік көмек алушылар санатына қосылады (1000 отбасына 26,3 млн. теңге бөлінеді).
«Азаматтардың әл-ауқатын арттыру – қаладағы барлық мемлекеттік органдардың міндеті. Сондықтан, тұрғындарды әлеуметтік қолдау шараларын арттыру бойынша Астана қаласы әкімдігінің кешенді жоспарын әзірлеу қажет», – деді Бақыт Сұлтанов.