Шығыс Қазақстан облысында жыл басынан бері қос азаматтыққа қатысты заң талаптарын бұзған ондаған дерек анықталды. Сот шешімімен шетел азаматтығын алған 6 адам Қазақстан аумағынан шығарылды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, биыл 450-ден астам адам Қазақстан Республикасының азаматтығынан айырылған. Олардың басым бөлігі көрші мемлекеттің азаматтығын алған.
Заң талаптарын сақтамағаны үшін 31 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде 24 азамат шетел азаматтығын алғаны туралы ішкі істер органдарына уақытылы хабарламаған. Ал 7 адам Қазақстан азаматтығынан айырылғанына қарамастан, елдің жеке басын куәландыратын құжаттарын заңсыз пайдаланған. Осы құқық бұзушылықтарға байланысты соттың шешімімен 6 шетел азаматы Қазақстан аумағынан шығарылды.
Анықталған жағдайлардың бірі Өскемен қаласының 43 жастағы тұрғынына қатысты болды. Ол 2024 жылдың қазан айында басқа мемлекеттің азаматтығын алғанымен, заңда белгіленген мерзімде бұл туралы ішкі істер органдарына хабарламаған. Соның салдарынан Қазақстан азаматтығынан айырылып, құжаттары тәркіленді.
Полиция департаменті азаматтарға өзге елдің азаматтығын алған жағдайда 30 күн ішінде бұл туралы ішкі істер органдарына хабарлап, Қазақстан Республикасының азаматтығын растайтын құжаттарды тапсыру міндетті екенін еске салды. Ведомствоның мәліметінше, бұл талапты орындамағандарға әкімшілік жауапкершілік көзделген.