ШҚО-да 15 келі алтынды заңсыз өндіргендер сотталды

ШҚО-да 15 келі алтынды заңсыз өндіргендер сотталды
pixabay.com

Шығыс Қазақстан облысында 15 келі алтынды заңсыз өндірген қылмыстық топқа қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды dalanews.kz.

Бас прокуратураның мәліметінше, Өскемен қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты айыпталушыларды аса ірі көлемде бағалы металдарды заңсыз өндіргені үшін кінәлі деп танып, әртүрлі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.

Тергеу барысында 2024-2025 жылдары Шығыс Қазақстан облысының тұрғындары Қытай азаматтарымен бірлесіп, Ұлан ауданында заңсыз алтын өндіргені анықталған.

Заңсыз қызмет 2025 жылдың маусымында Үлкен және Кіші Шыбынды өзендерінің аңғарында тоқтатылған. Арнайы операция кезінде шетел азаматтары ұсталып, олардан арнайы техника, өндірістік жабдықтар, құрамында алтыны бар кен және ақша тәркіленген.

Прокуратураның мәліметінше, заңсыз кен өндіру салдарынан мемлекетке 766 млн теңге көлемінде залал келтірілген. Сонымен қатар орман қорының жеріне де зиян келген.

Тергеу дерегіне сәйкес, қылмыстық топ 15 келі алтынды заңсыз өндірген.

Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.