Соңғы екі жылда Балқаш көліне шамамен 30 млрд текше метр су жіберіліп, су деңгейі тұрақтанды әрі экожүйенің құлдырау қаупі азайды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде Су ресурстары және ирригация бірінші вице-министрі Нұрлан Алдамжаров мәлімдеді. Оның айтуынша, ведомство трансшекаралық өзендерді орнықты пайдалану мен су дипломатиясын дамыту бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп келеді.
Ресеймен бірлескен комиссиялар Ертіс, Есіл, Тобыл және Жайық бассейндері бойынша жұмыс істеп жатыр. Су қоймаларының жұмыс режимін үйлестіру тасқын қаупін азайтып, трансшекаралық суды тұрақты пайдалануға мүмкіндік береді.
Қытаймен Үлкен Ұласты өзенінде ортақ су бөлу нысанын салу жөнінде уағдаластыққа қол жеткізілді. Сонымен қатар, екі ел үкіметтері арасында трансшекаралық өзендер бойынша су бөлу туралы келісім жобасы әзірленуде. Іле өзені арқылы келетін су көлемі көпжылдық орташа деңгейде сақталып, Балқаштың деңгейі Балтық жүйесі бойынша 341 метр шамасында тұрақты тұр.
Шығыс Қазақстандағы Бұқтырма су қоймасының толуы 2023 жылғы 26 млрд текше метрден 2025 жылы 39 млрд текше метрге жетіп, жобалық көлемнің 25,7 пайызына артты.
Өзбекстанмен жаңа келісім нәтижесінде соңғы үш жылда Солтүстік Аралға 6 млрд текше метрден астам су түсті. Соның арқасында теңіз көлемі 18,4 млрд-тан 23 млрд текше метрге дейін өсті.
Қырғызстанмен Шу-Талас комиссиясы аясында 2025 жылы су беру кестесі бекітіліп, Жамбыл облысы диқандарының қажеттілігі толық қамтылды: Шу арқылы 160 млн, Талас арқылы 427,5 млн текше метр су жеткізілді.
Вице-министрдің айтуынша, су дипломатиясы елдің су және экологиялық қауіпсіздігі үшін стратегиялық маңызға ие. Климаттың өзгеруі жағдайында трансшекаралық өзендер бассейндерінде тәуекелдерді азайту, Балқашты сақтау және Жайықтағы экологиялық ахуалды жақсарту негізгі басымдық болып қала береді.
