Шудың өнерпаздар сынға түсті

Dalanews 22 мам. 2019 10:37 253

Шу ауданының орталық мәдениет үйінде Жамбыл облыстық «Тараз симфониясы» өнер фестивалінің аудандық іріктеу кезеңі өтті. Бұл іріктеу өнер фестиваліне Жамбыл облыстық шығармашылық орталығының директоры, Қазақстан Республикасы мәдениет саласының үздігі Ғани Садырбаев пен облыстық халық шығармашылығы орталығының көркемдік жетекшісі Эльмира Дутбаева және Көпшіл Ертаев, Абзал Нурпазилов келіп іріктеу жұмыстарына қазылық етіп, жас өнерпаздарға таңдау жасады.

Аталмыш шараның басты мақсаты – аймақта классика, джаз, романс және басқа да жанрларды дамытып, таланттардың шығармашылық деңгейін көтеру және насихаттау болып табылады. Бұл атаулы фестивальге ауданнан «Аспапты орындау», «Вокал» номинациялары бойынша барлығы 30-дан аса үміткер қатысып, түрлі аспаптарда ойнап, өз өнерлерін ортаға сала отырып сынға түсті. Әрине, осындай жоғары деңгейлі жарысқа ауыл-аймақтан жиналған жастардың көп екендігі кім-кімді де қуантары анық. Айта кету керек, «Тараз симфониясы» өнер фестиваліне қатысушылар аспапты орындау аталымында баян, фортепиано, гитара, сондай-ақ соқпалы аспап сынды түрлерімен өнер көрсетсе, екініші «Вокал» номинациясында халық әндерімен қатар, елімізге белігілі композиторлардың әндерін орындап, қазылар алқасы мен көрермендердің назарына ұсынды.

Ал, аудандық іріктеу кезеңінен үздік деп танылған қатысушылар облыстық байқауға жолдама алып, облыс орталығында бақтарын сынайтын болады. Іріктеу кезеңнің қорытындысы бойынша ақтық кезеңде 10 үміткер жолдама алып арнайы сертификаттар табыс етілді. Шынын айту керек, «Тараз симфониясы» өнер фестивалі шалғай ауылдарда немесе шағын ғана елді мекендерде тұратын ауыл жастары үшін таптырмас мүмкіндік. Көбіне-көп тасада жүріп, бойындағы талантын көпшілік назарына ұсынуға жасқанатын ауыл жастары осындай бәсі жоғары жарыстарда өзін басқа қырынан танытуына әбден болады. Жоғарыда атап өткеніміздей, аталмыш өнер фестивалінің негізгі мақсаты да аудандаңы өнерпаздардың бойындағы дарынын жетілдіруді көздейді. Сол себепті, өнерге бір табан жақын ауыл жастары алдағы уақытта да осындай жарыстарды тиімді пайдалана білсе екен дейміз.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар