Соның бірі Амина Окуева. Шешен қызы. Өзі снайпер. «Киев» полкінің құрамында. Осында өз еркімен келген Джохар Дудаев батальонының белді мүшесі. Ал Украинаға қарсы соғысып жүрген шешеннің жауынгерлерін Амина «қадыровшылар» деп атайды екен.
– Амина, айтшы Украина әскерінің сапында Ресейге қарсы соғысып жүрген қанша шешен бар?
– Нақты санын атай алмаймын. Еріктілер көп. Шамалап алғанда қазір Донбасста жүзден аса шешен Кремльге қарсы соғысып жүр.
– Ал Ресей әскерінің қатарында Украинаға қарсы соғысып жатқан шешендердің саны қанша, білесің бе?
– Аса көп емес. Қадыров өзіне қарасты жауынгерлерді Донбасстан шығарып әкеткеніне бір жыл толды. Алайда «қадыровшылар» толық кетіп тынған жоқ. Әлі де бар.
– Донбасстағы қақтығыс кезінде «қадыровшылармен» бетпе-бет келген сәттеріңіз болды ма?
— Жоқ. Бірақ, қазіргі күні Украина жерінде жүрген «қадыровшылар» туралы түрлі ақпараттар жинау үстіндеміз. Оларды кездестірсек аямаймыз. Бұлар шешен емес, «қадыровшылар». Олар бізге жау. Менің білуімше, бұлар адам қаны төгілетін кескілескен ұрыстарға қатыса бермейді. Орыстар басып алған Донецк, Луганскіде ұрлық-қарлық, тонаумен айналысады.
– Украинаның жағында соғысып жүрген шешендер ресейлік батальонның тұтқынына түсіп қалған кездері болды ма?
– Біздің Дудаев батальонында мұндай жағдай болған жоқ. Болмай-ақ қойсын.
– Қалай ойлайсыз бұл соғыста кім жеңеді?
– Мәселе тек соғыста жатқан жоқ. Дипломатиялық қысымды, санкцияны күшейте түсу керек. Осындағы шешендер Украинаның саясатын жақтайды. Сол себепті сіздер жақта соғысып жүр. Ресей агрессор. Ол ешқашан өзгермейді. Агрессорды сабасына түсіру үшін оның өзіндей әрекет ету керек. Басқыншылардың Украинаның ішіне қарай еніп кетуіне жол бермеу қажет.
– Айтыңызшы, Донбасстағы айқас алаңында Рамзан Қадыровты кездестіріп қалсаңыз не істер едіңіз?
– Әй, бұл мүмкін емес-ау. Қадыров бұл жаққа соғысуға өлсе де келмейді. Себебі, өте қорқақ адам. Оның кортежі тұп-тура жүз көліктен тұрады. Қадыров бұлардың қайсысында отырғанын ажыратып болмайсың. Ол тіпті Шешенстанның өз ішінде осылай жүреді. Емін-еркін қозғала алмайды. Қорқады. Мұндай адамның Украинаға келуі мүмкін бе? Жоқ, әрине.
– «Қадыров Путинге керек» дейді. Осы тұжырыммен келісесіз бе?
– Иә, ол Путинге ынта-шынтасымен берілген. Қадыров аса қатігез адам. Қатігездігі патологиялық ауруға ұласқан. Бірақ Путин Қадыровқа тәуелді емес. Путин не айтады, қалай бұйырады Қадыров солай жүреді. Путин алдына қойған мақсатынан ешқашан бас тартпайтын адам. Мұны Қадыров орындай алмаса, ертең оның орнына келетін адамға жүктейді.
– Ал Путиннің билігі құласа, Қадыров қайтпек?
– Не істеуші еді? Ештеңе де. Ол Путиннің қолындағы қолбала. Путинсіз, Путиннің көмегінсіз Қадыров ешкім емес. Путиннің билігі құласа Қадыровты ит өлім күтіп тұр. Ол Каддафидің тағдырын қайталайды. Путиннің қолдауынан, Кремльдің ақшасынан айырылған Қадыров екі күн де өмір сүре алмайды.
– Сонда Қадыровты шешен халқының өзі ұнатпай ма?
– Ұнатпайдыңыз өз алдына, иттің етінен жек көреді. Әрине, оның қол астындағы аздаған адам оған адалдылығын сақтар. Бірақ бұл да уақытша.
–Егер бүгінгі Ресей билігінде Путин болмаса, Донбасстағы дау да туындамас еді деп ойлайсыз ба?
– Білмеймін. Путинді туғызған орыс халқы. Путин бүгінгі орыс халқының шын кейпі. Басшысының пиғылы қандай болса, халықтың пайымы да сондай. Путинді билікке әкелген орыс халқының өзі.
Дәл қазіргі Ресей Сталин дәуірін елестетеді.
– Украина Қырымды қайтара ала ма, қалай ойлайсыз?
– Білмеймін. Қайтарарына сенім аз. Алайда әлемдегі бір де бір мемлекеттің Қырымды Ресей жері деп мойындамағаны үміт отын өшірмей отыр. Меніңше Ресей өзін-өзі құрдымға кетіреді. Міне, сол кезде Қырымды да қайтарасыздар. Бұдан кейін Солтүстік Кавказ аймағы да тәуелсіздік алады.
Дайындаған, Думан БЫҚАЙ