Шерзат Болат ісі бойынша күдіктілерге қандай айып тағылатыны жақында белгілі болады. Бұл туралы Ішкі істер министрлігі мәлімдеді, - деп хабарлайды Dalanews.kz.
Мәжіліс кулуарында Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов Шерзат Болат ісі бойынша тергеудің аяқталуға жақын екенін хабарлады.
"Тергеу аяқталуға жақын. Жыл соңына дейін барлық сараптамалар дайын болып, тергеу әрекеттерін толық аяқтаймыз", – деді Санжар Әділов.
Оның айтуынша, қылмыстық іс бойынша 11 тұлға қамауда отыр, олардың барлығы жауапкершілікке тартылады.
Прокурормен келісілген соң түпкілікті айып тағылып, қылмыстық іс материалдары қылмыстық процесс қатысушыларына таныстырылады.
Бұған дейін Алматы облысының прокуратурасы тұрғындарға заңсыз митингтерді ұйымдастыру мен оларға қатысудың салдары туралы ескерту жасаған үндеуін жариялады.
Ведомство бейбіт жиналыстарды, митингтерді және пикеттерді ұйымдастыру мен өткізу тәртібі Қазақстан Республикасының "Бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы" заңымен қатаң реттелетінін еске салды.
"Тұрғындарды жауапкершілік танытып, заңсыз митингтерге қатысуға шақырған үндеулерге ермеуге шақырамыз. Мұндай іс-шараларды ұйымдастыру және оларға қатысу - заңды өрескел бұзу және бұл ауыр зардаптарға әкеледі. Бұл әрекеттер үшін әкімшілік жауапкершілік (Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 488-бабы) және қылмыстық жауапкершілік (Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 400-бабы) қарастырылған. Заңсыз акцияларға қатысу әкімшілік қамауға алу, ірі айыппұл салу және қылмыстық қудалауға әкелуі мүмкін екенін еске саламыз", - делінген Алматы облысы прокуратурасының үндеуінде.
Ведомство үндеуі 10 желтоқсанда Азат ауылында болған оқиғадан кейін жарияланды. Онда Талғарда қаза тапқан Шерзат Болаттың жерлеу рәсімі өтті. Полицияның алдын ала мәліметі бойынша, ол өз-өзіне қол жұмсаған. Жерлеуден кейін полиция Шерзаттың әкесі Қаржаубай Нұрымовты ұстады. Полиция мәліметінше, ол агрессив түрде әрекет етіп, айналасындағыларға қауіп төндіріп, өз-өзіне қол жұмсау туралы айтып, полиция қызметкеріне пышақпен шабуыл жасаған.