Шерзат Болат ісі: Күдіктілерді суретке түсіруге тыйым салынды

Қаракөз Амантай 10 сәу. 2025 14:07 542

Судья Шерзат Болаттың ісі бойынша сот отырысының басында журналистерге ескерту жасады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Сот ашық түрде өтіп жатыр, бірақ сотталушыларды түсіруге тыйым салынды. Сонымен қатар судья журналистерге тікелей эфирге шығуға болмайтынын ескертті.

Ал тікелей эфирді Жоғарғы Соттың Youtube арнасынан көре аласыз.

Еске салайық, бұған дейін Шерзат Полаттың әкесі Қаржаубай Нұрымов баласының өліміне қатысы бар деген күдіктілерге қатысты қосымша арыз дайындап жатқанын хабарлаған едік. Бұл туралы жәбірленуші тараптың жаңадан қосылған адвокаты Мейірман Шекеев мәлімдеді. 

“Іс материалдарымен таныса келе, біз бұл қылмыстық іс аясында азаматтық талаптың берілмегенін анықтадық. Қазір сол талапты әзірлеп жатырмыз. Бұл әрекет Қаржаубай мырзаға қаржылай өтемақы алу үшін емес, қамауда отырған күдіктілерге үкім шыққан соң олардың мерзімінен бұрын босап кетуіне жол бермеу мақсатында жасалып отыр”, – деді Шекеев.

Адвокат қоғамда қызу талқыланған бір сұраққа да жауап берді.

“Халықты алаңдатып отырған маңызды сұрақтардың бірі – оқиға орнында болған екі қыздың тағдыры. Олар әлеуметтік желілерде күдікті ретінде көрсетілгенімен, іс материалдарына сәйкес, тек куәгер ретінде жауап берді”, – деді қорғаушы.

Мейірман Шекеевтің айтуынша, бұл қылмыстық іс бойынша 9 адам күдікті ретінде танылған. Соның ішінде біреуі – кәмелет жасына толмаған. Оған Қылмыстық кодекстің 434-бабы — қылмыс туралы хабарламау бойынша айып тағылған. Ал жәбірленушілер саны – алты. Олардың екеуі – Шерзат пен Нұрқанат.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар