Шерзат Болат ісі: Куәгер Нұрбекова сотта қақтығыстың мән-жайын баяндады

Қаракөз Амантай 28 сәу. 2025 11:11 326

Шерзат Болаттың ісінде куәгер ретінде танылған Эльмира Нұрбекова сотта жауап беруін жалғастырып жатыр, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Куәгердің айтуынша, сотталушылардың бірі оны арнайы кафеге шақырған. Алдымен олар сол жерде бас қосқан, кейін дүкен маңына бет алған. Бұған дейінгі сот тыңдауында Нұрбекова қақтығыс кезінде жігіттерді сабырға шақырып, жанжалды тоқтатуға тырысқанын мәлімдеген еді.

Сот барысында жәбірленушілердің адвокаты Мейірман Шекеев Эльмира Нұрбековадан Шерзат Болаттың пышақ жарақатын қай жерден алғанын және оны қайдан білгенін сұрады. Адвокат куәгердің тергеу кезінде қазақ тілінде жауап бергенін, ал сотта орыс тілінде түсінік беріп отырғанына да назар аударды. Ол тергеу мен соттағы куәгер жауабының айырмашылығына күмән келтірді.

Ал Нұрбекова екі күн бойы тергеушілерге жауап бергенін жеткізді.

"Оқиғадан кейін бізді екі күн бойы сол жерде ұстады. Тамақ та бермеді, ұйықтатпады. Бізден 100-ге жуық адам жауап алды. Сондықтан не сұрап, не жазғандары есімде жоқ. Мен жауапты орыс тілінде бердім, бірақ олар қазақшаға аударып жазды. Сол кезде менің бар мақсатым – тезірек қол қойып, үйге қайту болды", — деді Эльмира Нұрбекова сотта.

Еске сала кетейік, 10 сәуірде Талдықорғанда Шерзат Полаттың өліміне қатысты сот процесі басталды.

Сотта прокурор күдіктілердің есімдерін атады:

Шынасыл Абзал Нұрғалиұлы

Сакиев Равил Магомедович

Белғожаев Шыңғыс Айдосұлы

Азкентай Дархан Байылханұлы

Тоқтаубаев Нұрбол Мұратбекұлы

Ілиясов Нұрқияс Төлекбекұлы

Тоқтаубаев Азамат Маратбекұлы

Қалиахмет Дидар Еркінұлы

Ысқақ Думан Қайдарұлы


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар