Шекарадағы кептеліс? Ақорда Бейжіңге берген уәдесін орындай алмады – сарапшы

Dalanews 08 қаз. 2021 05:52 867

Қазақстан мен Қытай шекарасында 5 мыңға жуық тауар контейнер қаңтарылып тұр деп хабарлайды Dalanews.kz.

Бейжің бұл кептелістің себебін пандемиямен байланыстыруда. "Қазақстанның май-тоңмай одағы" қауымдастығының ақпаратынша, дәл қазір карантинге байланысты Циндао портынан Қытай тарапымен транзит толықтай тоқтатылған.

Бір қызығы Қытайдан транзит Қазақстан үшін ғана шектелген. Қазақстанға теміржол қатынасы уақытша тоқтатылғанына қарамастан, дәл сол Қытайдан Қазақстан аумағы арқылы Еуропаға транзит – ашық. Оның үстіне, Қытайдан Еуропаға теміржол арқылы жүк ағыны едәуір өсуде.

Dalanews.kz пікір білдірген бірқатар сарапшылар Бейжіңнің пандемияны сылтауратып отырғанын, анығында бұл мәселенің саяси астары барын айтады.

Соның ішінде ең көп айтылатыны, бұл – қазақ билігінің мұсылмандарды жақтағаны үшін жаза.


Ресми Бейжің Нұр-Сұлтанның Қытайдан қашқан этникалық қазақтарға босқын мәртебесін беруіне көңілі толмайтынын осылай білдіріп жатса керек. Қалай дегенмен де Қытай қазақстандық тауар экспортшылары үшін кеден саясатын қатайтқан үстіне қатайтып жатыр.

...

Саясаттанушы Максим Казначеевтің тұспалдауынша Бейжің Қазақстанды бопсалаудан тайынбайды. Өз нарығына өткізу үшін Ақордадан саяси жеңілдіктер жасауды талап етеді. Экономика тұрғысында Қытайдан қол үзгісі келмейтін Қазақстанға бірқатар саяси шарт көлденең қойылған.

«Қытайдың шекараны тас жауып алғаны да сонымен байланысты.

Бейжің билігі Нұр-Сұлтан мен Алматының қақ төрінде Қытайға қарсы наразылық ұйымдастырған топты қатаң жазалауды талап етіп отыр. Қазақстандағы синофобиялық көңіл-күйді сәл де болсын сейілтіп, Бейжіңнің жағымды образын қалыптастырмақ.


Экономикалық әріптестікті жалғастырғысы келсе Ақорда осы ультиматумды орындауы тиіс.

Шекарадағы мыңдаған контейнерді қаңтарып қою арқылы Қытай Қазақстан билігін осындай шешім қабылдауға көндірмек», – дейді сарапшы.

Ақорда әлгі ұсынысты қабыл алған жағдайда Бейжіңнің саяси һәм экономикалық экспансиясына қарсы шыққан қазақстандық белсенділер қуғын-сүргінге ұшырайды деген сөз. Онсыз алыс-беріс, барыс-келіске жол ашылмайды.

Қорғас пен Достық шекарасындағы мыңдаған қазақстандық кәсіпкердің тауары қаңсып қалуы мүмкін.

Ілгеріде айтып өткендей, Қытайдан транзит Қазақстан үшін ғана шектелген. «Бір белдеу – бір жол» жобасы негізінде Батыстан жеткен теміржол құрамдары Қытай шекарасынан еш қиындықсыз өтуде. Қытайлық шекарашылар олардың қағаз-құжатын тексеріп жатпай, тез-тез өткізуге тырысады екен. Ал Қазақстаннан келген тауардың Қытай шекарасында тұралап тұрғанына аттай алты ай болды.

«Бұл біздің елдің экономикасы үшін өте-мөте ауыр соққы. Қазақстандық кәсіпкерлердің тауар айналымы тоқтап қалды, қалтадағы қаражат таусылуға тақау. Тауар Қытайдан әрі аспағаннан кейін табыс та жоқ. Бизнес қып-қызыл шығынға батуда.

Қытайдың шекарасында Қазақстаннан жеткен жүздеген, мыңдаған вагон мен фура кептеліп тұр. Ал ел ішінде олардың тапшылығы сезілуде. Ішкі тасымалға транспорт, ауыр жүк көліктері жетіспей жатыр. Бұл өз кезегінде тасымалдың құнын арттырады, мұның соңы тауар бағасының шарықтауына алып келеді», – дейді сарапшы.

Қазақстандық кәсіпкерлерді тығырыққа тіреп, ел экономикасын шығынға батырған Бейжіңнің көздегені не?


Сарапшының пікірінше Қытай Қазақстан ғана емес, күллі Орта Азияның саяси беталысын өзіне қарай бұрмақ. Бұл мақсатқа жетудің жедел жолы әрі тиімді құралы – экономикалық қыспақ.

«Соңғы 10-15 жылдың бедерінде Қазақстан мен Қытайдың арасындағы алыс-беріс күрт өсті. Бейжің сауда айналымына кедергі келтірген жоқ, бертінге дейін кеңшілік танытты. Бұл Қазақстанды қақпанға түсірудің амалы еді, осы арқылы саяси мүддесін саудалайтын күн туарын білді.

Орта Азиядан келетін шикізаттың негізі бөлігін Қытай нарығы тұтынып келді. Ал қазір Бейжің жасаған «жақсылығының» өтеуін талап етіп отыр.

Қытай Қазақстанды тек шекара аймағында ғана қысымға алмайды. Шығыс Қазақстандағы ауыл шаруашылығы алқаптарына көз тігіп отырғаны өтірік емес.

Қазақстан билігі жерін бұлдаса Бейжің шекаралық өзендерді саудаға салуы мүмкін.

Өздеріңіз білетіндей, Қытайдан бастау алатын Қара Ертіс пен Іленің бойынан ирригациялық инфрақұрылымдар салып тастаған. Қажет деп тапса қос өзенді бұра салады.

Балқашты сақтап қалу үшін осыдан 10 жыл бұрын Қазақстан билігі аталған өзендердің су көлемін шектемеу жөнінде Қытаймен ортақ ұйғарымға келген-тін. Бұған сай Қытайға шығыстағы ауыл шаруашылығы жері жалға берілуі тиіс-ті.


Сөйтіп Балқаштың экожүйесін, одан бөлек басқа да өзен алқаптарын сақтап қалар еді, бұдан бөлек энергия өндіру мәселесі де шешімін табар еді.

Келіссөз нәтижесі екі тарапқа тиімді болатындай көрінген. Алайда іс жүзінде Ақорда Бейжіңге берген уәдесін орындай алмады. Қытайға қарсы аудитория өре түрегеліп, билік ауыл шаруашылығы жерлерін шетелдіктерге жалға беру туралы заңды кейінге қалдыруға мәжбүр болды. Кейін келе бұған мүлдем тыйым салынды», – дейді саясаттанушы.

Алайда Бейжің Ақорданың уәдесін ұмытпаған. Құжатқа қол қойған Қазақстан міндеттен жалтара алмайды.

Бейжің Ақорданы алқымнан алатын кезі алда. Қытай билігі Қара Ертісті белсенді «игеруде», Ертіс – Қарамай каналын салып тастаған, өзеннің суын үздіксіз тұтынатын ирригациялық жүйелер сақадай-сай тұр, қаласа Іле мен Қара Ертіс толық тоқтата салудан тайынбайды.

Бұлардың арнасы тарылса Алматы облысы, Павлодар өңірі және ШҚО судан тапшылық көреді.

Ал Қазақстанның Бейжің жауап қайтарар қауқары бар ма? Біресе суын, біресе нарығын бұлдап отырған Қытайды сабасына түсіре аламыз ба?

«Жоқ, Ақорданың қолында мұндай құрал жоқ. АҚШ-қа арқа сүйеп, Шыңжаңдағы қуғын-сүргінді ашық айтар болсақ, тіпті ашындырамыз. Бейжің бұлқан-талқан болып, төбемізге әңгіртаяқ ойнатады, оның жанында қазіргі саяси қыспағы түкке тұрмай қалады», – дейді Казначеев.

Думан БЫҚАЙ 


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар