Сенатор Әсем Рахметова Қазақстан мен Ресей арасындағы қарым-қатынасқа байланысты өз ойын ортаға салды, деп жазады Dalanews.kz.
Сенат депутаты Ресей Президенті Владимир Путиннің елімізге мемлекеттік сапармен келуін екіжақты ынтымақтастық үшін маңызды оқиға деп бағалады.
"Осы аптада Владимир Путин Қазақстанға үлкен делегациямен келді. Екі ел басшылары биыл бірнеше рет кездескенімен, бұл сапардың ерекшелігі – оның мемлекеттік деңгейде өтуі. Мемлекеттік сапар әрқашан ерекше рөлге ие. Бұл жолы шағын және кеңейтілген форматта келіссөздер ұйымдастырылды. Сонымен қатар делегация мүшелері Астанадағы бірқатар өндірістік және әлеуметтік нысандарды аралап, нақты келісімдерге қол қойылды. Әр салада одақтастық қарым-қатынасты тереңдету үшін ортақ ниет білдірілді", – деді сенатор Baq.kz порталына.
Оның айтуынша, Қазақстан мен Ресей арасындағы өзара байланыс сауда, өндіріс, қауіпсіздік және әлеуметтік мәселелерді қамтитын кең ауқымды серіктестікке негізделген.
"Бізді 7500 шақырымдық ортақ шекара ғана емес, тығыз байланысқан тағдыр да біріктіреді. Екі елде туыстары мен жақындары тұратын адамдар аз емес. Бірі – тарихи Отанына оралса, енді бірі балаларын шетелде оқытуда. Осындай кездесулер халықтың ортақ мүдделерін шешуге ықпал етеді. Сауда, өндіріс пен қауіпсіздік салаларындағы күрделі мәселелерді бірлесе шешу қажет. Бұл сапар екіжақты саяси диалогтың қарқынын күшейтіп, екі елдің де ынтымақтастыққа деген қызығушылығын нақты көрсетті", – деп қорытындылады Әсем Рахметова.