Семейліктер экс-депутатты жауапқа тартуды талап етуде

Dalanews 15 ақп. 2022 08:18 372

Семей қаласындағы қоқыс дауы тыншымай тұр. Қала тұрғындары небір-небір зиянды қалдықтарға бөгіп жатқан полигонды жабуды талап етуде деп хабарлайды Dalanews.kz. 

Ал әлеуметтік желі осы мәселені қаперге алуды сұрап, Семей қаласының прокурорына арызданған шағымдарға толы. Полигоннан жеткен сасық иіс қолқаны қауып, ол аздай, адамның іш-құрылысын зақымдауда. Онсыз да түрлі сынақтың зардабын тартқан семейліктер экологиялық ахуалдың бақылаудан шығып кеткеніне ашынуда.

Қала прокуратурасына арыз жазған тұрғынның айтуынша, желмен жететін улы ауа түрлі созылмалы ауруы бар азаматтарға ауыр тиюде.



"Полигондағы қоқысты ешкім сорттамайды, үйіп-төгіп, өртей салады. Пластиктің күлімсі исі, одан таралатын улы ауаны жел айдап қалаға қарай бағыттайды. Мен секілді денсаулығында кінәраты бар азаматтар үшін бұдан өткен азап жоқ", – дейді қала тұрғыны.

Семейліктер полигондағы былыққа қатысты алғаш рет шағымданып отырған жоқ. Қаланың экологиялық ахуалына бей-жай қарамайтын белсенді азаматтар талай уақыттан бері байбалам салып жүр. Оның үстіне, тұрғындардың айтуынша аула арасындағы қоқыс контейнерлері үнемі арнасынан асып-төгіліп жатады, оларды уақытында тазалау жұмысы жолға қойылмаған.

Ал полигонның мәселесі әлемжелідегі Семей қаласымен байланысты пабликтерде кеңінен тарап кетті.

"Қоқысқа бөгіп жатырмыз. Тұншығып, тыныс ала алмаймыз. Экологиялық ахуал күрделеніп кетті. Соған қарамай полигонға жауапты кәсіпорынның басшысы, қалалық Мәслихаттың экс-депутаты Рафаиль Хазипов біздің жанайқайымызға құлақ асар емес!  Қала тұрғындарының сөзін тыңдау тұрмақ, аталған жағдайға қатысты пікір білдіруге де жарамады", – дейді "Восточноказахстанцы всех стран, объединяйтесь!" паблигінің мүшесі, Семей тұрғыны Самат Тоқтасын.

Семейлік Арайлым Саматованың айтуынша қоқыс полигонынан ескен улы ауа балалар мен егде кісілердің өкпесін улауда.

"Полигондағы пакеттерді қалаға жел айдап әкеледі. Олардың паразиттерге толы екенін тазалыққа жауапты кәсіпорын басшылығы білмейді емес. "Свалканың" иесі Рафаиль Хазипов ел сөздің естімейді. Мүлде әрекетсіз отыр, тіпті жауапқа тартылған жоқ. Ал қала тұрғындары тұншығып жүр...",  – деп жазады ол "Семей қаласы" паблигінде.

Аталған топтарда жарияланған мәлімет бойынша, полигон өзіне тиесілі мерзімді өтеп болған. Оның үстіне Семей әуежайына тиіп тұр. Ал бұл қолданыстағы Экологиялық кодекске қарама-қайшы.

"Полигон тұтас ШҚО өңіріне қауіп төндіріп тұр. Өрт шықса ауыздықтау қиын болады, оның соңы экологиялық апатқа ұласады! Соңғы рет отқа оранғанда, төрт күн бойы тынымсыз өртенді, одан таралған көк түтін бүтін Семейді тұмшалап тастады.

Жедел түрде жаңа полигонның құрылысын бастау қажет. Ол барлық экоталаптарға сай болуы тиіс, қоқысты сорттап, оны сақтау талаптарын қолданысқа енгізуді талап етеміз", – дейді семейліктер.

Семей тұрғыны Самат Тоқтасынның айтуынша полигонның қазіргі қожайыны Хазипов үшін мұндай қадамға бару тиімсіз, жаңа полигон салынар болса, экс-депутат "қоқыс" империясынан айырылып қаламын" деп қауіптенеді.

Қала тұрғындары өз кезегінде әлемжеліні басына көтеріп жатыр. Олар полигонға қатысты мәселеге тиісті органдар құлақ түреді деп сенеді.

РЕДАКЦИЯДАН: Dalanews.kz ешкімнің сойылын соқпайтынын, сол себепті қарсы тараптың пікірін жариялауға да әзір екенін хабарлайды. 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар