Сәрсемәлиев әйелімен бірге Балиге қалай қашқан: Сотта жаңа деректер айтылды

Сәрсемәлиев әйелімен бірге Балиге қалай қашқан: Сотта жаңа деректер айтылды
ашық дереккөзден

Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық қылмыстық істер жөніндегі сотында Мұқанғалиевтер отбасының бірнеше мүшесін өлтірді деп айыпталған Сұлтан Сәрсемәлиевтің қылмыстан кейін әйелімен бірге шетелге қалай кеткені туралы деректер айтылды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Тергеу материалдарына сәйкес, күдікті адам өлтіру оқиғаларынан кейін марқұмдардың мүлкін заңсыз иемденген болуы мүмкін. Айыптау тарапының нұсқасы бойынша, ол осы жолмен түскен қаражатты елден кетуге пайдаланған.

Іс материалдарында туыстары жоғалғаннан кейін марқұмдардың балалары Сәрсемәлиевтің анасының қарауында қалғаны да көрсетілген. Құқық қорғау органдары жоғалған адамдарды іздестіру шараларын бастағанын түсінген соң, күдікті Атыраудан тез арада кету керек деген шешімге келген.

Тергеу дерегінше, Сәрсемәлиевпен бірге Ақбаян Мұқанғалиева да шетелге шыққан. Айыптау актісінде күдікті оны Қазақстанда қалдыру қауіпті деп санағаны айтылған. Себебі жақындарының жоқтығы және отбасының мүлкін рәсімдеу мақсатында шетелге кетуі айналасындағылардың әрі тергеу органдарының күдігін күшейтуі мүмкін еді.

Осы себепті Сәрсемәлиев Ақбаян Мұқанғалиеваны өзімен бірге Индонезияға алып кетуді ұйғарғаны айтылды.

Қылмыстық іс материалдары бойынша, 2025 жылғы 9 желтоқсанда Сәрсемәлиев пен Мұқанғалиева “Қапланбек” өткізу бекеті арқылы Қазақстаннан Өзбекстанға өткен. Кейін 13 желтоқсанда Ташкент – Куала-Лумпур – Бали бағытымен ұшып, Индонезияға жеткен.

Тергеу мәліметінше, олар Бали аралында екі айдан астам уақыт бойы жасырынған. Алайда 2026 жылғы 24 ақпанда Индонезияның көші-қон қызметі оларды визалық режимді бұзғаны үшін ұстаған. Кейін күдіктілер Қазақстанға депортацияланған.