"Жетісу" клубының бас бапкері Самат Смақов "Қайраттың" 18 жастағы жас қақпашысы Шерхан Қалмұрзаны асыра мақтаудан сақ болуға шақырды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Оның айтуынша, қоғам мен БАҚ-тың шамадан тыс назары жас спортшының мансабына кері әсер етуі мүмкін.
"Ағасы ретінде мен әрқашан Шерханмен сөйлесіп тұрамын. Шын айтайын, мен оған клубтық баспасөзден басқа ешкімге сұхбат бермеуге кеңес бердім. Себебі оның жасы небәрі 18-де", – деді Смақов.
Бапкердің пікірінше, артық назар мен атаққұмарлық жас спортшының психологиялық тұрғыда күйреуіне себеп болуы ықтимал.
"Бұған мысал - Еркебұлан Сейдахмет. "Уфаға" ауысқанда “Еркебұлан дәретханаға барды”, “Еркебұлан кофе сатып алды” деген жаңалықтар шықты. Ақыры сол қысым Еркебұланды тежеді. Міне, мұндай нәрсе жас баланы күйретуі мүмкін", – деді ол.
Смақов бұл пікірін тек Шерхан Қалмұрзаға емес, өзге де жас ойыншыларға қатысты екенін айтты.
"Бұл қатарда Аза (Азамат Тұяқбаев), Дастан (Сәтбаев) сияқты дарынды жастар бар. Сондықтан артық көтермелемеу керек. Оларға уақыт, тәжірибе және тыныштық қажет", – деді ол.
Бапкердің айтуынша, жас спортшылардың мансабы енді ғана басталды.
"Бір-екі ойыннан кейін-ақ баланың бүкіл мансабын сындырып алуымыз ғажап емес. Бұндай мысалдар өте көп. Сол себепті аспандатудың қажеті жоқ. Әйтпесе, бір сәтте бүтін бір буынды жоғалтып алуымыз мүмкін", – деп түйіндеді Смақов.
Еске сала кетейік, 30 қыркүйекте Алматыда өткен "Қайрат" пен "Реал" арасындағы тарихи матчта 18 жастағы Шерхан Қалмырза әлем назарына ілінді. Еуропалық футбол қауымдастықтары одағы (УЕФА) "Қайрат" қақпашысы Шерхан Қалмұрзаның сейвін Чемпиондар лигасының ойын күніндегі үздіктердің бірі деп атады.
УЕФА баспасөз қызметі жазба жариялап, онда жанкүйерлерден қай сейвтің үздік болғанын таңдауды сұрады.
Үздік бестіктің қатарына алматылық команданың 18 жастағы қақпашысының ойыны енді. Ол тарихи "Спортингке" қарсы матчтың небәрі бесінші минутында команданы қауіпті соққыдан құтқарып қалды.