Салтанат Нүкенованың ата-анасы ауруханаға түсіп қалды

Көркем Алдабергенова 09 сәу. 2024 10:47 9450

Салтанат Нүкенованың ата-анасы ауруханаға түсіп қалды, - деп хабарлайды Dalanews.kz

Бұл туралы Нүкенованың отбасының адвокаты Жанна Оразбахова айтты.

«Салтанат Нүкенованың ата-анасы сот отырыстарына қатыса алмайды. Себебі алғашқы видеоларды көргеннен кейін, оқиға орны көрсетілгеннен соң, алқабилерге Салтанаттың денесі көрсетілген соң олар ауруханаға түсіп қалды. Салтанаттың ата-анасы бұған дейін ол кадрларды көрмеген. Қазір олар тәуір. Ал Бишімбаевтың сөзінше өзінен басқа бәрі: қабырға, унитаз, еден кінәлі», - дейді адвокат QOS live телеграм-арнасына берген сұхбатында.

Еске салайық,бұған дейінгі сот отырысына қатысқан Салтанат Нүкенованың анасы сотта ашуланып кеткен болатын. Себебі экс-министр Қуандық Бишімбаев марқұм әйелі Салтанат Нүкенованы аса қатыгездікпен өлтіргенін мойындамады.

"Маған қандай да бір сөз айту қиын. Мені кешіреді деп те ойламаймын. Бірақ кешірім сұрау - менің адами парызым. Бұл орны толмас қайғы екенін және оған менің қатысым барын білемін. 

Екіншіден, мен кінәмді мойындамаймын деген сөзімді түсіндіре кетейін. Мен әдейі, аса қатыгездікпен өлтірді деген сөзбен келіспеймін", - дейді Бишімбаев.

Осы сәтте Салтанаттың анасы өзін ұстай алмай, ашуланып кетті.  

"Аса қатыгездікпен өлтірмедім дегенің қалай? Мен өз қызымның түрін дұрыс көре алмадым. Сен оны аса қатыгездікпен ұрғансың. Бұлай айтуға қалай дәтің барды? Сен оны бірнеше сағат бойы өтіргенсің. Сен оны 8 сағат өлтірдің", - деді Салтанат Нүкенованың анасы.

Бұдан кейін Бишімбаев Салтанатты жақсы көргенін, оны аса ауыр қатыгездікпен өлтірмегенін айтты.  


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар