Сағадиев қалай ойлайды?

Dalanews 31 шіл. 2017 13:39 753

Тайжан Сағадиевті пікірталасқа шақырды. Шықпады. Уақыты жоқтығын айтты. Шаруасы шаш етектен екен. Реформаның жырымен жүр. Ашық пікірталастан басын ала қашты, анығы. Неге?  

Негізі, бұл Сағадиевке ғана тән емес. Биліктің басы-қасында жүргендердің талайы осындай. Оқшау. Мылқау. Жабық. Жансыз. Тұйық. 

Халықпен қатынаста осындай саясат ұстанады олар. Тілдескісі келмейді. Бұл деңгейге түскісі жоқ өйткені. Олардың түсінігінде бұл деңгейге түсу абыройыңды түсіру. Себебі, сен одан биіксің. Халықтан. Сенің ақылың көп, сенің шешімдеріңе шүбә келтіруге болмайды. Әрбірден соң өзің білесің. Әрбірден соң саған бұл қызметті ел емес, Елбасы сеніп тапсырды ғой...

Сағадиев те солай ойлайтын шығар. Тайжанмен таласа алмасын сезетін шығар іштей, бірақ, мойындағысы жоқ. «Бұл менің қызметіме жатпайды. Маған ол қызық емес...» депті.

Айттық қой, жабық, тұйық деп.

Жабықтық. Тұйықтық. Қазақстандағы шенеунік атаулының шын болмысы осындай. Неден қорқады екен? Неден қаймығады? Түсінбейсің. Халықтың алдында кемшілігім көрініп қалады, қазақша білмейтінім білініп қалады деп ойлайтын шығар. Басқа қандай себеп бар?

Саясаттанушы Мойзес Наим бір еңбегінде микробилік туралы айтқан. Әзіргі әлеуметтік желі және сонда отырған от тілді, орақ ауызды топ осы – микробилік біздіңше. Олар аудиторияны өзіне қаратып отыр. Олардың тұрақты оқырманы бар. Ал биліктің ше? Биліктің аудиториясы бар ма? Қайда? Олар кім? Әлде билік халықпен қатынаста қамал тұрғызуды ғана біле ме?

Соның дәлелі – Сағадиев сияқты. «Міндетім емес. Кездеспеймін. Сөйлеспеймін. Уақытым жоқ». Анығы, бұл синдром және Сағадиевке ғана тән емес. Биліктің басы-қасында жүргендердің талайы осындай.
Тайжанмен пікірталастыру үшін Сағадиевтің санасы транформациялануы керек шығар.

Бірақ, бұл да неғайбыл. Ол енді өзгермейді. Ол сияқты өзгермей өтетіндер өте көп...

Тайжан микробилік. Түптің түбінде, онымен санасуға тура келеді министрге. Өйткені оның аудиториясы бар. Одан бұрын оның айғақтары айқын. Ал министрдің ше?

Думан БЫҚАЙ


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар