Ресейлік журналист Собчак Бишімбаевтың сот отырысына келді

Көркем Алдабергенова 22 сәу. 2024 15:12 2965

Экс-министр Қуандық Бишімбаевқа қатысты сот отырысына ресейлік журналист Ксения Собчак келді, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

Собчак сот отырысына қатысу үшін Астанаға арнайы ұшып келген. 

Айта кетейік, 19 сәуірде Ксения Собчак YouTube-арнасында Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы қабылданған заң туралы айтқан болатын. Сөз арасында журналист Бишімбаевқа қатысты іс туралы да айта кеткен болатын. 

Ол сот отырысы туралы айтып, Бишімбаевтың әйелін ұрған кадрларын көрсетті. 

"Сотты күн сайын жүздеген адам қарап отыр. Телеграм арналарда адамдар екі негізгі сұрақты көп қояды: үкім қашан шығады және үкім қаншалық әділ болады? Дегенмен "Осторожно медиа" журналистеріне қазақстандық депутаттар заңның қабылдануы Бишімбаев ісіне қатысы жоғын айтты", - дейді Собчак.

Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық сотында Қуандық Бишімбаевқа қатысты қылмыстық іс бойынша сот отырысы әлі де жалғасып жатыр. Оны дүйім жұрт Жоғарғы соттың YouTube каналынан онлайн тамашалауда.

Азаматтық некедегі әйелі Салтанат Нүкенованы өлтірді деген айыппен сотталып жатқан экс-министр Қуандық Бишімбаевты адвокат Лейла Рамазанова, Назкен Құсайынова, Ерлан Ғазымжановтар қорғап жатыр.

Ал марқұм Салтанат Нүкенованың ағасы Айтбек Амангелді мен оның отбасының адвокаттары – Жанна Оразбахова мен Алия Омарова.

Еске салайық, 27 наурызда экс-министр Қуандық Бишімбаевтың ісі бойынша алқабилер таңдалған еді. Алқабилер алқасына 12 адам іріктелді: 10 – негізгі құрам, 2 – қосалқы. Содан кейін ашық сот отырыстары басталды.

Сонымен қатар, Қуандық Бишімбаев сотта Салтанат Нүкенованы аса қатыгездікпен өлтіргенін мойындамады. Бұл оқиға 2023 жылы 9 қарашада Астана қаласындағы BAU мейрамханасында болды.

Бишімбаевқа екі бап бойынша айып тағылды: аса қатыгездікпен кісі өлтіру (15 жылдан 20 жылға дейін немесе өмір бойына бас бостандығынан айыру); қинау (4 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе осы мерзімге бас бостандығынан айыру).

Сондай-ақ оның туысы Бақытжан Байжанов та күдікті ретінде қамауға алынды. Оған  қылмыстық кодекстің екі бабы бойынша айып тағылған. Нақтырақ айтсақ, 432-бабы (аса ауыр қылмысты жасырып қалу); 434-бабы (аса ауыр қылмысты хабарламау).


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар