Елжас Отыншиев "Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясының басқарма төрағасы болып тағайындалды, деп хабарлайды dalanews.kz.
"Самұрық-Қазына" АҚ басқармасының шешімімен Елжас Мұратұлы Отыншиев "Қазақстан темір жолы" ҰК" АҚ басқарма төрағасы қызметіне тағайындалды", – делінген хабарламада.
Елжас Отыншиев Мәскеу физика-техникалық институтында "Жалпы және қолданбалы физика" мамандығы бойынша бакалавриат пен магистратураны тәмамдаған.
Еңбек жолын 2007 жылы Ernst & Young компаниясының Мәскеудегі кеңсесінде бизнесті бағалау және мәмілелерді сүйемелдеу департаментінің консультанты болып бастаған.
2009-2019 жылдары "Самұрық-Қазына" АҚ-да және оның еншілес компанияларында жұмыс істеді.
2021-2023 жылдары KIDF компаниясында басшылық қызметтер атқарып, инвестициялық портфельді басқаруға жетекшілік етті.
2023 жылғы сәуірден бастап осы уақытқа дейін "Самұрық-Қазына" АҚ-ның стратегия және активтерді басқару жөніндегі басқарушы директоры әрі басқарма мүшесі қызметін атқарды.
Бұл лауазымда қордың мұнай-газ, теміржол, тау-кен өндірісі және басқа да салалардағы портфельдік компанияларын басқаруға жауапты болды.
2024 жылғы ақпаннан бастап "Қазақстан темір жолы" ҰК" АҚ директорлар кеңесінің мүшесі болған.
2023 жылы Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградасы – "Ерен еңбегі үшін" медалімен марапатталған.