Қостанай қаласының 44 жастағы тұрғыны Юлия Хон TikTok-тағы тікелей эфирде қазақтарды қорлағаны үшін екі жылға сотталды. Қостанайдағы №2 сот оны «ұлтаралық араздықты қоздыру» бабы бойынша кінәлі деп таныды, деп хабарлайды Dalanews.kz Tobolinfo сайтына сілтеме жасап.
Сот дерегінше, Хон 2024 жылдың қарашасында TikTok желісіндегі Ресей мен Украина арасындағы соғыс тақырыбы талқыланған тікелей эфирге қосылып, сол жерде қазақтарға қатысты қорлайтын сөздер айтқан.
Істі қараған сот айыпталушының кінәсі тікелей эфирдің бейнежазбасымен, куәгерлердің айғақтарымен және сараптама қорытындыларымен дәлелденгенін мәлімдеді. Хон өз кінәсін ішінара мойындаған. Үкімге сәйкес, ол жазасын ең төменгі қауіпсіздік деңгейіндегі колонияда өтейді.
Айыпталушының адвокаты Валерий Ли Tobolinfo-ға берген түсініктемесінде тікелей эфир барысында Хонның өзі де қорланғанын, ал оның сөздері бүкіл ұлтқа емес, нақты бір адамға бағытталғанын айтты. Қорғаушы тарап үкімге шағым түсіретінін де мәлімдеді.
Соттың хабарлауынша, үкім шығарғанда Хонның көру қабілетінен айырылған ұлы бар екені ескеріліп, жаза жеңілдетілген.
